3.08.2020, 18:39
Оқылды: 53

Жер дауы шешімін тапқандай

Редакциямызға Бәйтерек ауданы Январцев ауылдық округіне қарасты Кирсанов ауылының тұрғындары хабарласып, қысқа деп шауып қойған шөптерін аяқ астынан келген жер иесі тартып алмақшы екенін айтты. Болған жайттың анық-қанығына көз жеткізу үшін дереу жолға шықтық. Жеткен бойда бізді кирсандық ағайын қарсы алды.

2015BDCE-EE0B-48B5-8AC2-A399BC88D608

-Осы ауылға көшіп келгеніме 16 жыл болды. Содан бері мал бағып, шөп шауып күн көріп келемін. Өткен жұма күні жұмыстарымды аяқтап, шабылған пішенімді таси бергенімде төрт жігіт келіп, мен олардың жеріндегі шөпті шапқанымды айтты. Қолдарында қажетті құжаттары да бар. Ауыл адамдары шауып жүрген жердің иелері екен. Ең болмағанда шапқан шөбімді тасып алуға да мұрша бермеді. Ал осыған дейін ауыл әкімі біз шауып жүрген жер ешкімге берілмейтінін айтқан еді,- дейді өзін Ильяс Бижанов деп таныстырған ауыл тұрғыны.

B1A9AF0F-D5CF-43E8-864F-45D7CF1EB1C0

Журналистер келетінін естіген ауыл халқы да жиналыпты. Шапқан шөбін ала алмай қаламыз ба?-деп үрейленген ел шулай жөнелді. Айтуларынша, ауыл айналасында шабындық қалмапты. Осы кезде округ әкімі Абылай Жұмағалиев те оқиға орнына жетті. Жағдаймен танысқан соң округ картасын жайып жіберіп, әр тұрғынға берілетін шабындық жерлерді көрсетіп, кімнің қай орынды шауып жатқанын анықтады. Ешкім өзгенің аумағына кірмепті.

-Ауыл аумағындағы жер екіге бөлінеді. Бірі аудан әкімдігіне қарасты жерлер болса, екіншісі округ әкімдігіне қарайды. Осы кезге дейін ауыл аумағына кіретін жерлерді сұрай келген шаруалар болды. Бірақ ешқайсысына Кирсан малы жайылып, халқы шөп шабатын жерді бермедім. Өйткені мал ұстап күнін көрген елді жерсіз қалдырғым келмеді,-деді Абылай Есбайұлы.

08F977CD-11D0-48CD-BC32-C579B225E612

Әкіміне сенген көпшілік жаңа жер иелерін күтті. Көп ұзамай алғашқы кездесуден соң үшінші тамыз күні ауыл басшыларымен бірге келіп, болған жайтты тағы бір талқылауға уағдаласқан жер иелері де жетті. Шабындықтың өздеріне тиесілі екенін дәлелдеуші құжаттарын да ала келген.

-Төрт жылдан бері осы ауыл маңындағы жердің иесі менмін,-деді өзін таныстырған Шыңғыс Қадырәлиев.

Дау жоқ. Барлық құжаттары орнында. Картадағы жермен үйлестірсе де келетіндей. Бірақ жер актісіндегі сурет бойынша Шыңғыс Қадырәлиевке тиесілі телімнің бір бөлігі ауылдық округ әкімдігіне қарасты жерге кіріп тұр. Барлық гәп осы арада басталды. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, аталған кесек жерді біреуге беру туралы ауыл әкімі шешім шығармаған еді. Бірақ табандап тұрып алған жер иесі шабылған шөптің өтеуін берем дегеннен қайтпай қойды. Ал ағайын болса, өтеуі емес, шапқан шөбін сұрады. Осы уақытта аталған азаматтың жер алғаннан күні бүгінге дейін бұл орынға аяқ баспағанын айтқан ауыл әкімі заң бойынша оған тиесілі шабындықты қайтарып алуға құқығы бар екенін айтып, сабаға түсірді. Жағдаймен толық танысу үшін екі тарап даулы жерді көзбен көру керек екенін айтып, даулы жерге барды.

Орынға барғанда, жер иесі мен жергілікті тұрғындар келісімге келіп, шешілуі қиын мәселе өзінен өзі түйінін тапты. Жердің бір бөлігі шынымен де округке қатысты болып шықты. Жаңа жер иелерінің қазығы дұрыс қағылмаса керек. Енді қос тарап сәрсенбі күні тағы кездесіп, бір мәмілеге келмек. Ол күні ауылға аудандық жер қатынастар бөлімінің мамандары да келеді. Қос тарап жер бөлудің ретін білетін маман сөзіне құлақ асатын болады. Ал шабылған шөпті тасуға жер иесі рұқсатын берді.

«Ауыл тынысы» газеті оқиғаны бақылауында ұстайтын болады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале