Бүгінгі күннің өзекті тақырыбы – ауыл-аймақтың сәнін бұзатын қоқыстан арылу болып отыр. Бәйтерек ауданы орталығында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Ауылішілік жолдар салынып, саябақтар мен демалыс орындары күнделікті тазартылып тұрады. Десе де, ауыл ішінің тазалығы әлі де өзгерісті қажет етеді. Жергілікті билік бұл мәселені шешу жолында қолдан келген шараларды ұйымдастырғанымен, машақаты бітер емес.
Ауыл ішінің тазалығын сақтау тұрғындарды тұрмыстық қалдықтарын тастайтын орындармен қамтамасыз ету және де сол қоқысты уақтылы тасымалдау маңызды шаралардың бірі екені даусыз. Осы кезге дейін қоқыс жәшіктері уақтылы тазартылмайтынын айтып, редакциямызға біренеше рет ауыл тұрғындары келді. Мәселенің басын ашып, неліктен олай екенін анықтамақ болып округ әкімдігіне жолықтық.
- Осы кезге дейін Переметныйда қоқыс жәшіктері тіптен аз болған еді. Соңғы жылда санын арттырдық. Қазіргі таңда аудан орталығы мен іргелес Каллинин ауылында 140 арнайы қоқыс жәшігі орнатылды. Алдағы уақытта қоқыс контейнерлерімен қамтылмаған көшелер саны артатын болады. Ауылдың шеткі көшелері тұрғындары қоқыс контейнерлерінің уақтылы тазартылмайтын айтып бізге де келеді. Қолдан келгенше бұл мәселені шешіп жатырмыз,- деді ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Мирасбек Төрешев.
Мирасбек Берікқалиұлының айтуынша, ауылдағы тұрғын үйлерден жиналған тұрмыстық қалдықтарды шығаруды «Орал Таза Сервис» ЖШС мойнына алған. Олар аптасына үш рет келіп, қоқыс контейнерін тазалуы керек екен. Бірақ қазір аптасына бір-ақ рет келетін болыпты. Неліктен олай екенін «Орал таза Сервис» ЖШС-не хабарласып сұрадық. Бізге телефон арқылы мән-жайды түсіндірген аға диспечер Темірлан Дакировтің сөзінше, Переметный ауылының қоқысын шығаруға арнайы КамАЗ автокөлігі бөлініпті. Тек кейбір көшелердің тар болуы қоқыстың уақтылы алуға кедергі келтіреді екен. Болашақта аталған мәселені шешу жайы қарастырылмақ. Ал арнайы көліктің сирек келуін Темірлан мырза машиналардың жетіспеушілігінен екенін айтты. Соған қарамастан, округ әкімдігі мүмкіндігінше, аптасына бір рет арнайы арнайы трактор жалдап, ауыл ішіндегі қатты қалдықтарды шығарып, Переметный тазалығын қадағалауында ұстауда.
Бұдан бөлек кейбір көшелерге әлі де қоқыс жәшіктері керек.
Аружан Болатбекқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz