Теректі ауданына қарасты Ұзынкөл ауылында спорт алаңы ашылды. Алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Әділ Жоламанов қатысты.
Аудандық бюджет қаржысына салынған спорт алаңының ашылуында аудан басшысы құттықтау сөз сөйледі.
-Салауатты өмір салтын ұстану - әр қазақстандықтың бұлжымас қағидасына айналуы тиіс. Сол үшін әр ауылға спорттық алаң салуды Теректі ауданы қолға алды. Биыл 7 ауылда дәл осындай спорттық алаңдар салынып, теректіліктердің игілігіне берілетін болады,- деді Әділ Тауфиқұлы.
Ұзынкөл ауылын қуанышқа бөлеген спорт алаңының ашылуына орай аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, ауыл ақсақалы Мизамғали Елекбаев пен спорт ардагері Совет Мусин лента қию рәсімін жасады.
Әділет Әлібекұлы,
Теректі ауданы