10.08.2020, 14:25
Оқылды: 61

Құрыш қолды құрылысшы

Ол бала кезінен бастап бейнелеу өнеріне құмар болып өсті. Көрші-қолаң, қала берді, ауыл тұрғындары оған сурет салғызып ала-тұғын. Сондай-ақ әр жұмысты істегенде аса зор жауапкершілікпен, қыздың жиған жүгіндей тыңғылықты атқаратын. Басқасы басқа ғой, тіпті қыс мезгілінде аула ішіндегі қарды теп-тегіс етіп, қырын шығарып аршығанда құдды бір үтіктеп қойғандай болатын! Үй шаруасына қажетті құрал-жабдықтар өз орнында әркез жинақы тұрушы еді. Аула ішіндегі ошақты салып, сәкіні жасағанның өзінде, ең алдымен, жалықпай жобасын қағаз бетіне түсіреді. Ақ қағаз бетінде салынған сурет қандай әп-әдемі болса, істеген шаруасы да дәл сондай көз тартарлықтай әсем шығатын. Оның мұндай тындырымды ісі кейін құрыш қолды құрылысшы болуына әкелді. Хош, сонымен мақалаға арқау болған шебер — Ерлан Жолдығалиұлы. Қаратөбенің тумасы, бүгінгі таңда теректілік, Подстепный ауылында тұрады.

2FCC4410-08D6-41A8-8ED7-9BB033E151AF

Батыс өңірінде сан алуан әлеуметтік-тұрмыстық һәм басқа да құрылыс нысандарында оның қолтаңбасы бар. Бір сөзбен айтқанда, еңбегімен жан-жағына танылған жан. Жастайынан үй тірлігіндегі шаруаның жобаларын өз қолымен сызып үйренген кейіпкеріміз қазіргі уақытта құрылыс саласының қыр-сырын мейлінше меңгерген маман. Алтын қолымен талай құрылыстың кірпішін қалаған. Біреудің құрылысына көмектескенде «өзгенің жұмысы, я болмаса «басқаның баспанасы» деп жүрдім-бардым қарамай, адал еңбекпен жанын салып жұмыс істейтіні қос алақанынан көрініп-ақ тұр. Қос жанарынан хас шебердің шынайылығын ұғынуға болады.

— Ауылда өскендіктен, еңбекке ерте араласатынымыз рас. Ата-анамыз бала кезімізден еңбекке баулып өсірді. Ерінбей жұмыс істесең, еңбек те саған бас иеді екен. Үй шаруасына ысылғандықтан, құрылыс саласын тез игеріп кеттім. Бұл салада жүргеніме 20 жыл болыпты. Жалпы, ер азаматтың құрылысқа икемі болғаны абзал. Сондықтан да қазір мектеп жасындағы ұлымды жаныма ертіп аламын. Қолына кетпен-күрек ұстауды үйрене бергені жөн.

Құрылыста жүргеннің бір жақсысы, әмәнда қозғалыста жүресің. Денең шынығып, әркез қимылың ширақ болады. Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы мен қызығы болатыны секілді, құрылыс саласында да солай болады. Құрылыс барысында мұқият болып, қауіпсіздік ережелерін сақтап жүру қажет, — дейді кейіпкеріміз.

Ол кісі құдай қосқан қосағы Қарлығаш апай екеуі Дильназ, Диас есімді екі баланы өмірге әкеліп отырған отбасы. Айтпақшы, Ерлан Жолдығалиұлы жұмысынан қолы қалт еткенде, жеке екінші баспанасын салып, тәмамдауға таяп қалды. Әрине, бұл үйдің жобасын да өзі сызды, құрылысын да өзі жүргізуде.

Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале