Өткен жексенбіде «Біз біргеміз» акциясының «Таза әлем» жобасы аясында Ақ Жайық жастары сенбілікке шықты.
Сенбілік Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылының орманы аумағында ұйымдастырылды.
Орман аумағында тазалық жұмыстарын жүргізуге шыққан жастар құрамында «Nur Otan» партиясы БҚО «Жас Отан» жастар қанаты, «Жасыл ел» штабы мүшелері, облыс еріктілері, Қазақстан халқы БҚО Ассамблеясы мүшелері болды. Оның ішінде 50-ге жуық еріктілер де бар.
Сенбілік табиғатты аялау, қоршаған ортаға аялы көзқарас қалыптастыру, өзендер мен ормандарды тазалау, қоқысты сұрыптауға үйрету мақсат-міндеттеріне негізделді.
Шара аясында облыс жастары 3 тоннадан астам қоқыс қалдықтарын жинады.
БҚО бойынша еріктілер штабы сенбілікке шыққан жастарды көлікпен, бетперделермен, арнайы қолғаптармен, қапшықтармен т.б. қамтамасыз етті.
- Ерікті деген ұғым бізге жат емес. Халқымыздың біреуге жылу жинап беру, көп көмегімен бітетін өзгенің тірлігіне асарлатып атсалысу, қайырымдылық көрсету секілді тағы да басқа аталы іспен бұрыннан бері айналысып келе жатқаны баршаға аян.
Адам тұрмақ, аң-құстың да тағдырына алаңдап, табиғатты аялай білген ата-бабамыз керек жерінде осылай біріге білген. Туа бітті болмысы ізгілікке негізделген кейбір адамдар жалғыз-жарым жүріп-ақ, талай тірлікті тындырған. Сондықтан қайырымдылық жасау қанымызда бар десек, қателеспейміз, - дейді жастар белсендісі Ерлік Шамғали.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz