20.08.2020, 11:01
Оқылды: 10

Жақсыбайлық сәйгүлік Mercedes Benz автокөлігін қанжығасына байлады

Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының тумасы Махамбет Пайдиннің «Жайнар» атты сәйгүлігі Жамбыл облысы Қордай ауданында өткен 28 шақырымдық аламан бәйгеде дара келіп, бас жүлдеге тігілген Mercedes Benz автокөлігін қанжығасына байлады.

Saigulik (1)

Кіл жүйрікте кім жүйрікті анықтайтын аламан додада атағы алысқа кеткен «Алтын Тұлпар – 2019» иегері Қоянқасқа, талай аламанның басы болып жүрген Көкдауыл, Көкбайрақ, Дос сияқты еліміздің танымал қылқұйрықтарын басып озу Жайықтың атынан сынға түскен Жайнар үшін үлкен жетістік деп білеміз. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Қордай төңірегінде Батыс Қазақстан облысының атынан шапқан сәйгүліктің жүлделі болғаны осы екен.

Saigulik (3)

Алматыда тұрсада Махамбет қанында бар, атадан мұра болған төл өнерден ажырай алмапты. Олай дейтін де себебі бар, әкесі Оңайбай ағамыз да, арғы аталары да ат баптап, аудан төңірегіндегі бәйгелерден жүлдесіз қайтпаған атбегілер әулетінен екен. Осыдан 2-3 жыл бұрын қала шетінен ат-қора жалға алып тұлпарларын баптап, бәйгеге салып жүрген Махамбеттің жетістіктері де аз емес. Биылдың өзінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында өткен дүбірлі бәйгелердің де бас жүлделерін иеленген. Жылқыға жақын азаматтардың бойынан қазақы мәрттік, кеңпейіл-жомарттық, отансүйгіштік қасиеттер көптеп кездеседі. Соның айғағын Махамбет Оңайбайұлы да маусым айында туған ауылы Жақсыбайға 1 миллион теңгені көмек ретінде тарту еткен болатын.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале