24.08.2020, 17:12
Оқылды: 45

Алғашқы жартыжылдықта 12 қоғамдық бақылау жүргізіліп, 51 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды

Кәсіподақ ұйымы ол – еңбек адамының ұйымы. Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы құрылым қарапайым жұмысшылар қозғалысы нәтижесінде құрылған халықтың одағы болатын. Қазіргі таңда өзінің саласы мен функционалдық міндеттерін кеңейтіп, жан-жақтыландырылғанымен, бастапқы құрылым тарихындағы мақсаттары өз қалпынан өзгерген емес. Яғни кәсіподақ ұйымдарының басты мақсаты – еңбек адамын қорғау, сақтау және еңбек қатынастарын реттеу.

логотип Съезда

Осы мақсат аясында ағымдағы жыл бойы «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» ҚБ бірнеше құқықтық жұмыстар атқарып келеді. Айта кетер болсақ, білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының бұзылуы анықтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және оған жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 12 қоғамдық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 51 еңбек заңнамасын бұзушылық анықталды. Кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтарын қорғауға сотқа жіберілген істер саны – 3. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы бойынша бір іс сотта қанағаттандырылып, нәтижесінде 991 000 теңге екі мұғалімге өндірілсе, қалған екі іс Сырым аудандық сотында қаралып, мұғалімдер тарапына оң шешім шығарылды.

Еліміздегі төтенше жағдай салдарынан орын алған уақытша тұрақсыздықтар нәтижесінде еңбек қатынастарының ретсіздіктері жиі орын алды. Бұл орайда, кәсіподақтар көмегіне жүгінушілер әдеттегіден көп болғанын жасырмаймын. Біздің тарапымыздан білім ұйымдарына жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижесінде құқық бұзушылықтардың 26-сы еңбек ақы төлеу мәселесі бойынша болса, 16-сы жұмыс уақыты мен демалыс уақытының сақталмауы бойынша, 9-ы еңбек қатынасын рәсімдеу мәселесі бойынша анықталған болатын. Төтенше жағдай кезінде, сонымен қатар елдегі карантиндік талаптардың салдарына қарамастан БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының тікелей қатысуымен білім саласы қызметкерлерінің еңбекақылары толықтай сақталып қалды. Сонымен қатар аудандық, ауылдық мекемелердің ұжымдық шарттарын қайта жасап, жаңартып, толықтырулар енгіздік. Атқарылған бірнеше құқықтық жұмыстар нәтижесінде жалпы көлемі 14 381 224 теңгені құрайтын экономикалық тиімділік қызметкерлерге қайтарылды.

Бір ғасыр бұрын елімізде өз бастауын салып, даму мен жаңарудың бірнеше сатыларын артқа қалдырып келе жатқан кәсіподақ қозғалысы әр жыл сайын өзіндік күш алып, қатарын көбейтіп, белсенділігін арттырып дамуда. Әділеттіліктің туын желбіретіп, еңбек күшінің құқығын қорғап, еңбекке жігерлендіруші аталмыш ұйымның жоғары органы – бес жылда бір рет шақырылатын кәсіподақ федерациясының съезі. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының тарихында оздырылған әрбір съезд – еңбек қатынастарындағы тұрақтылықты нығайтып, жұмысшы өкілдердің құқықтары мен қолжетімді әлеуметтік кепілдіктерін оңтайландырып, кәсіподақ қозғалыстарына жаңа серпін беріп келді. Ағымдағы жылдың 2 қыркүйек күні аталмыш ұйымның кезекті 26-шы съезін өткізу жоспарлануда. Съезд аясында еңбекші күштердің атынан, еңбек қатынастары мен лайықты еңбек жағдайларын ескере отырып, бірнеше өзекті мәселелер қаралып, жаңашыл механизмдердің негізі қаланатынына сенімдіміз.

 Марат Даупаев,

БҚО білім және ғылым саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале