Бүгінде біраз мекеме жұмысын онлайн жүргізуге көшті. Қосымша білім беру орындары да қашықтықтан жұмыс жасауда. Сол себептен балалар мен оқушылар жаз мезгіліндегі бос уақытын тиімді өткізуі үшін лайв режиміндегі шаралар мен жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Сондай онлайн шаралардың бірі – облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының ұйымдастыруымен өткен «Туған өлкенің білгірлері» атты экологиялық онлайн викторина. Облыстық білім басқармасының қолдауымен өткен жарыста барлық аудандар мен Орал қаласынан 13 команда бақ сынады. Осы додада Бәйтерек ауданының намысын Қасым Аманжолов, Переметный және Камен мектептерінің оқушылары қорғады.
Үш кезеңнен тұрған викторинаның алғашқы турында қатысушыларға өсімдік, жануарлар мен құстар тақырыбында тест сұрақтары берілсе, екінші кезеңде оқушыларға экологиялық мәселелерге қатысты ситуациялық сұрақтар қойылды. Ал үшінші кезеңде балғындар тұрмыстық қалдықтардан экологиялық ойыншық жасау жолдарын көрсетті.
Сайыстың барлық кезеңінде өздерінің білімі мен біліктілігін көрсете білген бәйтеректік Владислава Андрейщева екінші орынға табан тіресе, Гүлжайна Наби мен Ділназ Ерғали үшінші орынды қанағат тұтты. Ал жалпыкомандалық есепке келер болсақ, Бәйтерек ауданының өрендері бірінші орыннан көрінді.
– Туған өлкен табиғатын терең зерттеп, экологиясына алаңдайтын оқушылар өсіп келеді. Жарыс барысында олар өздерін мықты қырынан таныта алды. Үш оқушының үшеуі де жүлдегер атануының арқасында командалық есепте алға шықтық. Алда әлі талай жарыстар болады. Сол бәсекелерде аудан намысын жықпауға тырысамыз, – дейді қосымша білім беру педогогі Асхат Бекешев.
Бұдан бөлек аудан өрендері Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Желбіре жеңіс жалауы» атты облыстық байқауда да бақ сынады. Қашықтан өткен сайыс шарты бойынша әр қатысушы соғыс тақырыбында ғылыми жоба жазып, қорғау керек болды.
Облысымыздың үздік педагогтары мен тарихшыларынан құрылған сарапшылар алқасының шешімімен байқаудың «Менің ауылым – соғыс жылдарында» атты кезеңінде жоба қорғаған Рустам Якимов екінші, Екатерина Баландина үшінші орынға ие болды. Соғыс жылдарынағы Дариян және Переметный ауылы тұрғындарының ерлігін баяндаған бәйтеректік оқушылардың жобасына лайықты бағасын берген сарапшылар оларға ізденісін тоқтатпау керектігін айтты.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz