1.09.2020, 11:15
Оқылды: 50

Қайырымдылық тінін үзбелік

Өңірдегі «Ақжайық» жеке қоры сонау 2011 жылы облыста су тасқыны апаты орын алған кезде құрылған болатын. Содан бері қайырымдылық ісімен белсенді айналысып келеді.

Imashev (1)

«Ақжайық» жеке қорының директоры Тілекқабыл Имашевтың айтуынша, Елбасы әлемдік пандемияға байланысты Қзақстан халқына үндеу жариялап, онда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдады. Сонымен қатар барша қазақстандықты қиын кезде індетке қарсы күресте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жалпыға ортақ істен сырт қалмауға үндеді. Осы үндеуде айтылған игі бастама батысқазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Мысалға, «Альтаир», «Каз-Хол» ЖШС-лардың әрқайсысы 3 млн. теңгеден, «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», «Отделстрой» ЖШС-лары 1 млн. теңгеден, «Ткалун Ю.В» ЖК 5 млн. теңге, «Юнисерв» ЖШС 10 млн. теңге, БҚО әкімі аппараты 2 млн. теңгеге жуық, «Батыс Арна» ЖШС 2 млн. теңге, «Болашақ-Т» ЖШС 4 млн. теңге және өзгелері коронавирус пандемиясына қарсы күреске қорға қаржылай қолдау көрсетті. Коронавирус пандемиясына қарсы күрес мақсатында біркүндік жалақысын аталмыш қорға аударған тек қана Бөкей ордасы ауданының бюджеттік мекеме-ұйымдары көрінеді. Жаны жомарт, қайырымды кәсіпкерлермен қатар қиын кезде еліме көмегім тисін деген жүрегі жылы азаматтар да аянып қалмады. Мысалға, Жұмағали Ізбасар, Мәдина Салықова, Анар Өмірзақова, Динара Кәкіжанова, Сұлушаш Ерғазиева - қайырымдылық қасиетін жанына серік еткен жандар. Осындай ел ішіндегі көңілі сергек азаматтардың қолдау-көмегімен жаман індетпен күресуге қорға барлығы 149552898 теңге түсіп, қайырымдылық мақсаттарға жұмсалуда.

Imashev (2)

Қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет, қастерлі іс. Ол ел-жұртты бірлікке, ынтымаққа, бауырмалдылыққа тәрбиелейді. Әлем елдерін дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясына байланысты қордың қамқоршылық кеңесі жедел шаралар қабылдады. Соның бірі жаман індетке шалдыққан ауруларға демалу аппартына қажетті оттегімен ұдайы қамтамасыз ету мақсатында облыстық көпбейінді ауруханаға оттегі өндіретін станса қондырғысы орнатылды. Бұл мақсатқа 3 млн. теңге қаржы жұмсалды. Станса қондырғысын сатып алу үшін қомақты қаржы беріп, жомарттық танытқан азаматтардың ішінде белгілі ғалым, ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков, «Автокомбинат» ЖШС-ның басшысы Валерий Голоухов бар. Сондай-ақ қор түскен қаржы есебінен 160 дана оттегі концентраторын, 400 дана пульсоксиметр сатып алып, облыстағы медициналық мекемелерге таратты, – деді Тілекқабыл Имашев.

Imashev (3)

Директордың айтуынша, бүгінде аталмыш қор қайырымды жандардан түскен қаржы есебінен халықтың осал топтарына әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның ішінде күні бүгінге жетім-жесір, жоқ-жітік 24 отбасыға материалдық көмек көрсетілген. «Ақжайық» қоры қайырымды істерді «өзінде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деп ұлы Абай айтқандай, айқайлатып, жалаулатпай-ақ атқарып жүр. Қордың облыс аумағында тындырған ізгі істері баршылық. Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова музейі ғимаратына күрделі  жөндеуге қаржылай көмектесті. Музейді жөндеу мақсатында қорға Қуаныш Бірманов, Марат Абдрахманов сынды іскер жандар қолдау көрсеткенін айт кеткен жөн. Бүгінде Зашаған кентінде мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу орталығының құрылысы қарқынды жүріп, аяқтала келді. Оның құрылысы жұмыстарына да «Ақжайық» қоры қомақты қаржылай үлес қосты.

Imashev (4)

Өткен жылы жарылыстан зардап шеккен Түркістан облысындағы Арыс халқына да көмекке қол созып, қомақты қаржы аударды. Биыл 400 данамен «Ақжайық» атты энциклопедиялық кітабы шығарылды. Елімізде ем-домы табылмай тұрған кейбір науқас балалардың бірі осы қордың қаржылай қолдауымен бірі Израильге, екіншісі Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына, үшіншісі Германияға ем-дом алуға жіберілді. Одан басқа Ақ Жайық өңірінен шыққан танымал жасөспірім әнші Ержан Максимнің Ресейдің Мәскеу қаласындағы «Крутой» өнер академиясындағы  оқуы үшін «Ақжайық» қоры 6 млн. теңге аударып, «болам деген баланың белін» буды.

– Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің, – дейді халқымыз. Мына жаман індет еліміздің азаматтарының жақсылық жасаудан алдына қара салмайтын ұлт екенін көрсетті. Алдағы уақытта да жақсылықтың, қайырымдылықтың тінін үзіп алмайық, – деді Тілекқабыл Имашев.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале