– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемиядан бастады. Шынында да, қауіптің бұлты сейілді деп айтуға әлі ерте. Осы ретте дәрігерлерге түсер салмақ ауыр. Алайда біз бұл тығырықтан жұдырықтай жұмылсақ қана шыға аламыз. Әр тұрғынның сақтық шараларын естен шығармағаны ләзім. Ел аузындағы «Сақтансаң, сақтармын» деген тәмсілдің бекер айтылмағанын ұмытпауымыз қажет.
Президентіміз осы Жолдауында елге төнген індет бізді көп нәрсеге үйретті деді. Оның бірі – дәрігерлердің еңбегін бағалау. Дәрігер жұмысының елене бермейтіні рас. Осыны ескерген Президент екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін еңбекте ынталандыруға 150 миллиард теңге үстемеақы төлеу мүмкіндігін қарастыру үшін бюджетті нақтылауды тапсырды. Бұл дәрігерлердің өз ісіне деген құлшынысын оятып, келешекке деген сенімдерін еселей түспек.
Жыл соңына дейін 13 жұқпалы аурулар ауруханасы және 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласында 20 заманауи көпсалалы нысанның салынып, пайдалануға берілуі халық денсаулығын жақсартуға бағытталған қадам деп білемін.
Тимур Мұсағалиев,
Бәйтерек аудандық ауруханасының бас дәрігері