Жақында Тасқала ауданы орталығында әкімшілік, аудандық полиция бөлімі, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының маманы және БАҚ өкілдерінен құрылған топ мүшелері рейдке шықты.
Карантин режиміне сай сақтық шараларын тексеру барысында аталған топ мүшелері аудан орталығындағы сауда орындарын аралап шықты. Және бұл бір реттік емес, күн сайын жасалатын шаруа болғандықтан, кез келген уақытта сақтық шаралары қатаң бақылауға алынып отырады. Ең әуелі адамдардың денсаулығы маңызды. Құрылған топ мүшелері сол себепті дамылсыз қызмет көрсетуде.
– Тасқала ауданы орталығындағы сауда орындары мен дәмханаларды аралау үшін әкімшілік, аудандық полиция бөлімі, БАҚ өкілдері мен біздің мамандар рейдке шықтық. Карантин режимі аяқталғанымен, сақтық шаралары әлі де жалғасуда. Ауданымызда карантин режимінің қаншалықты сақталып отырғанын тексеру мақсатында кешкі сағат 22.00-ден кейін бірнеше сауда орындарына бардық. Тексеру барысында орталықтағы алкомаркет сауда орнының ашық екенін анықтадық. Аталған сауда орнының иесі облыс орталығында екендігін және ертеңгі күні келіп түсініктеме беретіндігін телефон арқылы жеткізді, – дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Мейрамгүл Ғабдуллина.
Бұған дейін де тексеріліп келген сауда орындары, дәмханалар мен басқа да халық көп жиналатын орындардан келеңсіз жағдай байқалмады. Әлі де аталған топ мүшелері күнделікті рейд жұмыстарын жүргізеді. Әрбір аудан тұрғыны әуелі өз басын сақтандырып, кейін айналасындағы адамдарды да ойлағаны абзал.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz