11.09.2020, 18:57
Оқылды: 48

Бәйтеректе Отбасы күніне орай шара өтті

Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапхана жанынан құрылған «Бәйтерек» мәдени-ағарту және тынығу орталығында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаевтың қатысуымен Отбасы күні мерекесіне орайластырылған «Отбасы және отбасылық құндылықтар» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған аудан тұрғындары, ішкі істер органдарының қызметкерлері, жас және отасқандарына көп жыл болған отбасылар қатысты.

IMG_8874

- Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Отанға деген ыстық сезім жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен басталады» деп отбасының маңызын атап көрсеткен болатын. Әр шаңырақтағы береке – түптеп келгенде, тұтас елдің берекесі екеніне көзіміз жетеді. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды. Отбасы – бақыт пен шаттықтың, берекелі бірліктің алтын қазығы. Баршаңызды «Отбасы күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, еліміз аман шаңырағымыз биік болсын! - деді Ерікқали Ғұмарұлы өз құттықтауында.

Одан соң жиналғандар отбасы құндылықтары жайында әңгіме өрбітті. Зейнеткер Мүгілсім Нұржанова мен Гүлнар Әлмұханова ер мен әйелдің теңдігі, бала тәрбиесі турасында сөз қозғаса, еңбек ардагері Николай Анципрович Отанды сүю, қайырымдылық, адалдық сияқты қасиеттерді кеңінен насихаттау керектігі жайына тоқталды.

Жиын барысында жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Жұмағұлов шаңырағы шайқалған отбасылар жайында әңгімелеп, көбіне жанұя шырқын ащы су бұзатындығын атап өтті.

Одан бөлек жас Хайруллиндер отбасы да тақырыпқа сай пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды.

IMG_8975

Сондай-ақ жиналғандарға қыз-келіншектердің басын қосып, түрлі тақырыптарда шаралар өткізетін «Сырғалым» клубының жетекшісі Фарида Азбантаева осы кезге дейін атқарған жұмыстарын көрсетіп, болашақта атқарар жұмыстарын таныстырды.

Дөңгелек үстел соңында көпшілік Отбасы күні мерекесіне орайластырылған кітап көрмесін тамашалады.

 

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале