Өткен тарих келешек ұрпақ үшін маңызды, себебі, тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр болмақ. Еліміздің ертеңі мен болашағы жарқын болуы үшін жас буынға әркез тарих қатпарынан тағылым айтып отыру артық болмас. Осы мақсатта Бөрлі ауданының 85 жылдық мерейтойына орай «Қарашығанақ» спорт кешенінде Бөрлі ауданының спорт саласына арналған музей бөлмесі ашылды.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Миржан Сатқанов, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, жерлесіміз Екатерина Ларионова, аудандық спорт мектебінің еркін күрес бөлімінің ең алғашқы жаттықтырушысы Талғат Жанжігітұлы, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Әскербек Нұрмұханов және ауданның спорт ардагерлері қатысты.
- Спорт салауатты өмірге тәрбиелеумен қатар, елдің мерейін арттыратын сала. Ауданның жаттығу залдарынан әлемдік биіктерді бағындыратын ұландар шығады. Ол осы уақытқа дейін дәлелденген құбылыс. Сондай тарихи сәттердің естелігін жастарға ұғындыру үшін оны сақтап қастерлеу баршамыздың міндетіміз. Ашылғалы тұрған музей балғындардың тарихын біле жүруіне үлкен сеп болады деп ойлаймын. Алдағы уақытта Бөрлі жерінен жеңімпаздар шыға берсін, - деп жерлесіміз Екатерина Ларионова жүрекжарды тілегін арнады.
Ашылу салтанатынан кейін меймандар Бөрлі аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес, грек-рим күресі бөлімінің оқушыларының жаттығуын тамашалап, пікір алмасты. Шара одан әрі Ақсай қаласының ардагерлері арасындағы волейболдан жолдастық кездесумен жалғасын тапты.
Мейрамбек Сыдықов,
zhaikpress.kz