Өлеңті ауылындағы аспалы көпірді жөндеу мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Сиреген тақтай мен сөгілген тордың кесірінен 2019 жылдың наурызында оқушы құлаған еді. Абырой болғанда, аман қалды. «Көпірді әуелі Жымпиты ауылдық округінің теңгеріміне аламыз. Сосын жөндейміз!» - деген сөз сол көпірдің басында қалды.
Сырым аудандық орталық мешіті жақында осы аспалы көпірді жөндеу жұмыстарын бастады.
– Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Игі ісімізді осы айтулы оқиғаның құрметіне арнадық. Жалпы, сауапты амалдың үзілмегені жақсы. Білімді ұрпақ тәрбиелеу, ағаш егу, құдық соғу, жол мен көпір салу – адам өмірден өтсе де соңынан барып тұратын сауаптарға жеткізеді. Аспалы көпір осыған дейін арғы және бергі беттегі ағайынды тіршілік тамырындай жалғап келеді. Елдің аяғы тоздырмай қоймайды. Жөндеп, сауапқа қалсақ деп ойладық. Жұмыстар мешіт қорындағы қаражат есебінен атқарылуда. – дейді ауданның бас имамы Әділхан Наурызбай.
Қазіргі уақытта көпірдің тақтайлары бүтінделіп, сырланып, сетінеген торлары қайта тоқылыпты. Мешіт көпірдің екі басына өрнектас төсеп, баспалдақ салып бермек.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz