16.09.2020, 11:25
Оқылды: 112

Ел алғысына бөленген Есен

Жыл сайын өңірімізде, соның ішінде Бәйтерек ауданында да мал шаруашылығы қарыштап дамып келеді. Бүгінде шаруасын ширатқан кәсіпкерлер өзі еңбек етіп жүрген ауылының гүлденуіне қолдарынан келгенше атсалысуда. Сондай атымтай жомарт жандардың бірі «Сүндетов» шаруа қожалығының иесі, белгілі кәсіпкер Есен Сүндетов. Ауданға қарасты Көшім және Янайкин округтерінің ортасынан жер алып, кәсібін кеңейткен шаруа осы күні қос ауыл халқының алғысына бөленіп үлгерді. Жуырда аталған шаруа қожалығына барып, кәсіп иесімен тілдесіп қайттық. Есен Оразғалиұлы шаруасын қалай бастағаны және өзінің отбасы мен артынан ерген қос ұлы жайында кеңінен әңгімелеп берді.

Esen (7)

Есен Сүндетов 1976 жылы Янайкин ауылында дүниеге келген. Әкесі Оразғали ақсақал трактор тізгіндеген маман болса, анасы Қызиля сауыншы болып еңбек етіпті. Екі қыздан кейін дүние есігін ашқан ол ұлдың үлкені, артынан қос інісі мен қарындасы ерген.

– Ұлдың үлкені болған соң әкем үнемі қасына алып жүрді. Анам да, әкем де өмір бойы еңбек еткен жандар болған соң біз де жұмысқа ерте араластық. 1987 жылдан 1990 жылға дейін әкем мал бақты. Сол кісіге қолғабыс боламын деп жанынан бір елі қалмай жүретінмін. Кейін ауылдың ұсақ малын бақтым. Егін орағы кезінде комбайн жүргізген кездерім де болды, – дейді өзінің балғын шағын еске алған ол.

Esen (1)

Көшім ауылындағы мектепті аяқтаған соң жас Есен Орал қаласындағы сол кезде «ДОСААФ» аталған орынға оқуға түседі. Оны аяқтаған соң Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскери борышын Жаркент қаласында атқарған ол 1996 жылы елге оралып, жұмысқа кіріседі.

– Әскерден келген соң бірнеше ай ауылда болдым да, кейін МАИ қызметкері болып жұмысқа кірістім, – дейді Есен Оразғалиұлы.

Он жыл табан суытпастан МАИ қызметкері болған ағамыз 2006 жылы бизнеске бет бұрады. Сол кездегі Зеленов ауданы аумағындағы шағын моншаны сатып алып, кәсібін бастаған. Ісі оңға басып, күн өткен сайын аз да болса пайда түседі. Бірақ ауылда туып-өскен оны қала өмірі мезі ете бастайды. Оның үстіне елде қалған достары мен ағайыны қолынан іс келетін жігітке мемлекет қолдауы болатынын айтып, кәсібін ауыл шаруашылығына бұруға кеңес береді.

Ағайын ақылын жерге тастамаған Есен 2015 жылы өзіне жақсы таныс бала күнінде талай аунап-қунаған Янайкин мен Көшім арасынан 44 гектар жер сатып алып, жаңа кәсібін бастауға бел буады.

– Алған жерімнің аумағы шағын болған соң мал бордақылау орнын ашу керек деп шештім. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, оған мал алып, қора тұрғыздым, – дейді кәсіпкер.

Esen (4)

Әрине, жаңа кәсіп бірден пайда бермесі анық. Біраз жыл алған орнын ретке келтіріп, иесіз қалған жердің кем-кетігін түзеген Есен Сүндетов шындап іске 2017-де кірісіпті. Сол жылы 250 бас мал алған кәсіпкер оны семіртіп, көршілес Атырау және Маңғыстау облыстарына тапсырған. Кейін тағы мал басын көбейтіп, оны да ойдағыдай өткізген. Бүгінде мал бордақылау ісінің қыр-сырына қанық кәсіп иесі қорадағы ірі қарасын асылдандыруға көп көңіл бөле бастады. Ол үшін абердин-ангус аталатын мал түрін де сатып алған. Сондай-ақ жерін кеңітіп, диқаншылыққа да бет бұрсам деген ойы бар.

– Осы күні Көшім ауылдық округінен 1400 гектар жер алдым. Оны жыртып, дайындап қойдық. Бұйырса, 1000 гектарына күздік бидай саламын. Кәсібіңді ауыл шаруашылығына арнаған соң егін егуді де бір жолға қойған жөн. Сондай-ақ құс шаруашылығын дамытамын деген ойым бар. Қазақ болған соң төрт түлігім сай болсын деген ниетпен жылқының да санын арттырдым. Түйе бағуға да көңіл бөлемін, – дейді Е.Сүндетов.

Есен Оразғалиұлының әңгімесінен туған жеріне қатты жаны ашитыны байқалады. Айтуынша, өзіне тиесілі жерді шауып, малға қажет қыстық азықты жиып алған соң артылған шөпті елге арзан бағамен сатқан.

– Соңғы жылдардағы қуаңшылық шөп жағын қиындатқаны рас. Өзіме жеткілікті шөп жинап алған соң Янайкин және Көшім ауылдарына барып, елмен кездестім. Ондағы мақсатым, артылған шөпті өткізу болды. Елмен ақылдаса келе тиімді деген бағаны қойдық. Шөп сұраған әр отбасының ауласына дейін рулондарды жеткізіп бердік, – дейді кәсіпкер.

Осы күні кәсібін дөңгелеткен Есенді ел қайырымы мол меценат деп таниды. Оның Көшім орта мектебінде оқитын барлық қыздарға арнап мектеп формасын тігіп бергенін ел ұмыта қойған жоқ. Негізі Есен Сүндетов білім алған мектебіне жиырма жылдан бері көмектесіп келеді. Былтыр 50 жылдығын тойлаған білім ошағының мерейтойын өткізуге де атсалысқан. Одан бөлек Қарттар күні, Балалар күні сияқты мерекелерде ауыл азаматтарының көңілін аулайды. Өткен жылы Жеңіс күні мерекесінде ауылда бәйге ұйымдастырған.

Өзінің жақсылығын көпке жария ете бермейтін Есен не істесе де елі үшін жасайтынын айтады. Бүгінде Көшім ауылында бірінші сыныпқа баратын балалардың барлығы ауыл кәсіпкері алып берген сөмкемен мектеп табалдырығын аттайды. Сондай-ақ мектепті Алтын белгімен аяқтаған оқушылар мен олардың сынып жетекшілерін елордаға қыдырып баруға мүмкіндік жасаған.

– Есен Оразғалиұлы – біздің мектептің түлегі. Әр оқу жылының аяғында келіп, мектепке не керегін біліп кетеді. Біздің білім ордамызға келген көп адам мектепке елу жыл болды дегенге сенбейді. Өйткені іші де, сырты да жылтырап тұр. Жыл сайын ескірген перделер ауыстырылып, тозығы жеткен есік-терезелерді жаңартуға да Есен оқушым қол ұшын береді, – дейді Көшім орта мектебінің директоры Валентина Семеновна.

Кәсіпкердің жақсылығын оның қарамағында жұмыс жасайтын жігіттер де айтудан шаршамайды. Төрт жылдан бері Есен Оразғалиұлының қол астында жұмыс жасап жүрген ауыл тұрғыны Виктор Горбатых та басшысының жақсы екенін айтады.

– «Сүндетов» шаруа қожалығында малшы болып жүргеніме төрт жылдан асты. Жалақымыз уақтылы төленіп тұрады. Қырдағы үйіме жуынатын душ салып берді. Ал мал бордақылау алаңы жанында монша бар. Барлық жағдайымыз жасалған. Ұнамаса осынша жыл бір жерде табан суытпастан жұмыс жасамас едім, – дейді Виктор.

Esen (8)

Қашан да ел қамын ойлайтын Есен Оразғалиұлы көршілес Янайкинді де ұмытпайды. Ол ауылға қажетті дүкен тұрғызып, тойхана салып берген. Аталмыш елді мекенде тұратын 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Осы кезге дейін кәсібім алға басты. Біраз табыс таптым, елдің алғысына бөлендім. Болашақта Көшім ауылынан жаңа заман талаптарына сай келетін спорт кешенін тұрғызсам деген ойым бар. Қазір сол бағытта жұмыс жасап жатырмын, – дейді ағамыз.

Есен тек мал бағып, тапқанын еліне шашатын кәсіпкер емес, Әлия жеңгеміздің сүйікті жары, артынан ерген қос ұлының үлгі тұтар әкесі. Осы күні жан жары Әлия да кәсіпкерлікке бет бұрған. Ол мейрамхана бизнесімен айналысады. Ал ұлдары Альфар мен Ильфат шетелде білім алуда.

– Тұңғышым Альфар Ұлыбритания астанасы Лондон қаласындағы бизнес мектебін тәмәмдады. Қазір Швейцарияда оқып жүр. Ал екінші ұлым Ильфат Лондонда, – дейді ол.

Ұлдарына жақсы тәрбие бере алған Есен Оразғалиұлы қос қыранының оқуын аяқтап, елге келіп, халқына пайдасы тиер кәсіппен айналысқанын қалайды.

Екі ұлы елге келген бойда әкесіне ілесіп, атқа отырып, мал баққанды ұнатады екен.

Елдің тыныс-тіршілігімен жақсы таныс Есен Оразғалиұлы алда болатын партиялық іріктеу – праймеризге қатысуға бел буыпты. Көп жылдан бері халықты не алаңдататынын жақсы білетін кәсіпкер ауылымның көркеюіне өз үлесімді қоссам дейді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале