16.09.2020, 17:39
Оқылды: 60

Теректілік ұстаз шәкірттерін техниканың тілін үйренуге баулып жүр

     – Менің атам, әкем де техникаға құштар болған. Екеуі де осы салада жарғақ құлақтары жастыққа тимей, уақытпен санаспай  елге қызмет еткен, – дейді Медет Бисекенов.

Medet (1)

«Алма, алма ағашынан алыс түспейді». Демек, Медеттің де технолог болуы заңдылық. Ол 1985 жылы Ақжайық ауданы, Базартөбе топырағында дүниеге келген. Сол ауылдағы мектепті 2004 жылы тәмамдап, Орал қаласындағы қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚУ-ға түсті. 2008 жылы қолына технолог маманы деген диплом алып, Алғабас мектебінде алғашқы еңбек жолын бастайды.

– Өзім бала кезімнен бастап жаратылыстану, техникалық пәндерді, кітаптарды өте жақсы көрдім. Түрлі тәжірибелер, құрастырулар жасап жүретінмін. Техникаға деген қызығушылығым атам, әкемнен дарыса керек-ті. Қысқасы, әулетіміз техникаға етене жақын жандар. Сөйтіп, мен де осы саланы таңдадым, – деп әңгіменің тиегін ағытты М.Бисекенов.

Medet (2)

Алғабас ауылында біраз ұстаздық қызметтен соң, 2015 жылы Теректі ауданы, Шаған ауылына қоныс аударып, қызметін жалғастырған Медет Есейұлы оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беруден әсте жалыққан емес.

– Жалпы, техника саласы – өте өзекті, елдің тіршілігі мен әл-ауқаты да осыған байланысты.  Мысалы,  ЕО, АҚШ, Канада, Қытай т.б. елдердің өндірісі дамыған. Қазақстан да солай мықты болуға әбден шамасы жетеді, тек соны өзіміз ұйымдастыру қажетпіз. Я болмаса, жерінде түк пайдалы қазбасы жоқ, жерінің үсті жұтаң Израиль мен Жапония да көш бастап келе жатқан жоқ па?! Осы елдердің барлығы ғылым мен өндірісті дамыту арқасында осындай биікке көтерілген. Менің бар мақсатым – ғылым мен өндірісті заман талабына сай дамытуға үлес қосу, – дейді Медет Есейұлы.

Техниканың тілін тапқан технологтың қазіргі таңда 30 шақты шәкірті бар. Олар түгел дерлік республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Медеттің айтуынша, IT меңгеру – өте қажетті мамандық. Аталмыш мамандық бойынша шәкірт тәрбиелеп, оларды техникаға баулу – оның басты арманы. Кейіпкеріміз арманын орындау барысында мектепте және Теректі аудандық балалар шығармашылық үйінде де қызмет етуде. Қос ордада техниканың қыр-сырын оқушыларға үйретіп жүрген ізденімпаз, еңбекқор ұстаз.

Айтпақшы, Медет тек техникамен  шұғылданатын «технарь» ғана емес, тарихтан да хабардар.  – Елдің тарихын білмей, болашаққа бағыт алу қателік болар еді. Бала кезімнен тарихи деректерді, қорымдарды зерттеуге қатты қызығатынмын, түбінде осы тарих мамандығын алуыма себеп болды, – дейді ол.

Оның жолдасы Ақсұлу да педагог. Екеуі Ақерке, Абылайхан, Айзере есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған жас жанұя.

Самал Жәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале