18.09.2020, 9:09
Оқылды: 93

Ел алғысына бөленген еңбек адамы

Елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Еңбек күні мерекесі белгілендігі белгілі. Мереке жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталынып өтіледі. Мерекенің басты мақсаты еңбек адамын дәріптеп, құрмет көрсетіп, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау. 

20200918_001259

Басқа жерде қайдам, алақандай ауылдық жерде еңбек адамдарына деген құрмет ерекше маңызға ие.

Жастайынан еңбекқорлығымен ауылдастарының шынайы құрметіне бөленген тұлғаның бірі – жалпақталдық Мәди Меңдешев.
«Жақсының аты – жария» болытыны рас қой. Мәди бала күнінен еңбекке ерте араласып, ақыл-парасатымен, көркем мінез-құлқымен көпшілікке үлгі бола білген жайсаң жан. Оның азаматтық бейнесі жасаған еңбегінен айқын көрінеді. Мәдидің еңбек жолы ауыл тұрмысымен тығыз байланысты. Жалпақтал өңірінің Жұлдыз ауылында дүниеге келіп, алғашқы еңбек жолын Жалпақтал ет комбинатында компрессор-машинист қызметінен бастап, кейін Жалпақтал газ шаруашылығы мекемесінде апаттық жұмыстарды қалпына келтіру слесарі қызыметімен жалғастырған ол ауылдағы іскер жастардың санатын толықтырып, ұжымдағы әріптестері арасынан еселі еңбегімен бірден көзге түсе білді.

20200918_001509

Ол Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің түлегі. Ауыл спортының дамуына зор үлес қосқан Мәди ардагер спортшы ретінде футбол мен арқан тартудан аудандық және облыстық жарыстардың жеңімпазы. Кіші футболдан мекемелер арасындағы республикалық жарыстың жүлдегері.

Оның қарапайым ең­бек адамы ретінде адал жұмыс атқа­рып, алғысқа бөленуі әке-шеше берген тәрбиеден деп толықтай айта аламыз. Өйткені Мәди үйдің үлкені болғандықтан әкесі Сағынғалидың қолғанаты атанып, жанұяның тірегі ретінде әке мамандығын жалғаушы ретінде ел есінде қалды.

Мәди өз ортасында айналасына мейірімін төге білуімен, еркін ойлайтындығы­мен және қандай істі де жеңіл ұйым­дастыра білуімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан Мәди Сағынғалиұлын көпке үлгі етуге әбден болады. Өйткені, Жалпақтал ауылында Мәдидің есімін білмейтін, оның жақсылығын мойындамайтын жан кем де кем.

Жас күнінен еліне қолқанат болған жігіттің алысты болжайтын жүйрік қиялы, кісіге болысқыш адамгершілік қасиеті көп нәрсені аңғартады. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүріп оңай жолды таңдау Мәдидің қолы емес.

20200918_001432

Адамға бедел де, абырой да еңбекпен келеді. Қолдан жасалған тұлға емес, ел ішінен көпшіліктің көз алдында жетіліп, кісілік болмысын қа­лып­тастырған шынайы тұлға­лар­дың есімі мадақталса екен деп, ауыл жастарын еңбек етуге үндеді.
Мәди Сағынғалиұлы «елдің ісі – ердің мойнында» болатынын еңбекте де, спортта да, қоғамдық өмірде де бірнеше мәрте дәлелдеп жүрген жан. Ол қызметтен бөлек отбасында ұл-қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Оның өмір жолы мен еңбектегі жетістігі жастарға жігер сыйлап, замандастарының зор құрметіне бөленуге айқын жол ашты.
- Мәди бауырымыз қарапайым еңбек жолында ел мақтанышына айналған айтулы тұлға. Оның белсенді бастамасымен Жалпақтал ауылында біраз игі істер жүзеге асырылып, көптеген спорттық шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Басқасын айтпасақ та Мәдидің "өлі риза болмай, тірі байымайды" деген қағидада ата-бабаларымыз жатқан ауылдағы орталық қауымды кеңейтіп, толық қоршап, күрделі жөндеуден өткізген өлшеусіз еңбегі бүкіл ауылдастарының көңілінен шықты. Бұл тұрғыда еңбек адамының толық портретін имани ісімен жасаған Мәдидің қарапайым кісілік еңбегі Алла тарапынан разылыққа ие, - дейді ауылдастары.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале