Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылдық округінде бүгінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 6 адам білім алған. Қазіргі таңда олардың екеуі өз бизнестерін бастап та кетті. Соның бірі қайтарымсыз грант алып, «Art órnek» ұлттық қолөнер шеберханасын ашқан Толқын Разиолла.
- Мен балалық шағымнан қолөнерге бейім болып өстім. Мектеп бітірген соң «Сәулеттік дизайн» мамандығын алдым. Сол бір студенттік кезеңдерде қасымда қолөнер саласында оқып жүрген қыздарға көмектесіп, өзім де бірқатар бұйымдар жасадым. Осыдан кейін қолөнерге ықыласым ауып, қызығушылық пайда болды. Тұрмыс құрып, кішкентайлы болған кезеңдерде ойдан-ой туып, үйден бұйымдар жасай бастадым. Бұдан соң бұйымдарыма тапсырыстар түсе бастады. Оны ары қарай дамытуды көздедім. Тапсырыстар қала, аудан-ауылдардан түсе бастаған соң үйден жасау қиындау болды. Шеберхана іздей бастаған ем, алайда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы оқуға, іс бастауға мүмкіндік барын естіп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша оқуға өтініш жаздым, - дейді Толқын Қажығалиқызы.
Жас кәсіпкер биыл онлайн түрде оқып, өз бизнес жоспарын жасақтап, конкурс арқылы қайтарымсыз қаражатқа ие болыпты.
Толқын бұдан бұрын ауылдық округ әкімі Мәлік Ілиясовтан мемлекеттік қызметке кіруге жұмыс сұраған көрінеді. Жұмыс табылғанымен, Толқын Қажығалиқызы бала күнгі арманын орындау үшін болашағын қолөнермен байланыстырып, өз кәсібін ашып алған.
Толқынның ауыл ішіндегі шағын бір бөлмелі ғимаратты жалға алып жұмысын бастағанына бір аптаның жүзі болыпты. Сол аядай бөлмеден ауыл азаматы Есен Төлепқалиев та шаштараз ашқан. Ол да грант иегері.
-Қазіргі кезде ауыл тұрғындары өз кәсібін ашуға белсенділік танытуда. Төрт адам грант иеленсе, бір адам несие алып жұмыс бастамақ. Мәселен, ауыл азаматтарының бірі қоғамдық монша салуды көздесе, енді бірі көлік жөндеу және жуу орнын ашуды жоспарлап отыр, - дейді ауылдық округ әкімі Мәлік Азаматұлы.
1700 тұрғыны бар ауылда алдағы уақытта да кәсіпкерлер шығады деген сенімдеміз.
Нұрлыбек Қыдырғалиұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz