Елімізде IT-технологияны дамытуға, «Цифрлы Қазақстанды» құруға басымдық берілген. Жаңалыққа құмар жастардың сандық технологияға қызығушылығы артуда. Солардың бірі – Мирас Демеу. Ол – Теректі ауданы, Жайық ауылының тұрғыны. Аталмыш ауылдағы мектептің табалдырығын аттап, сол жерден тоғызыншы сыныпты тәмәмдаған. Одан әрі Орал шаһарындағы республикалық жоғары техникалық колледжіне оқуға түсіп, қазіргі таңда III курста білім алуда. Жас та болса, техника саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп жүр.
- Мирас, озық технологияның заманында роботехника хақында білім нәрімен сусындауда екенсің. Осы мамандықты таңдауға не түрткі болды?
- Жалпы, атам Демеу, әкем Ақжайық та техникаға жақын жандар. Марқұм атам қандай да болмасын бір затты құрастырып алатын шебер болған екен. Бұл қасиет менің қанымда бар. Мен де кішкентай кезімнен бастап техникаға құштар болдым. Кейін өсе келе осы сала бойынша білім алуды ұйғардым.
- Ең алғаш нені құрастырдың, есіңде ме? Белгілі бір нәрсені құрастыру үшін адамның бойында қандай қасиет болуы керек?
- «Лего космический «Шатл» деген көп бөліктен тұратын жиынтық болды. Соны құрастырдым ең алғаш. Мектеп табалдырығын аттамастан бұрын көптеген нәрселерді құрастыратынмын. Үйде құрастырғыштардың түр-түрі сықасып тұратын.
Ал осыларды құрастыру үшін ең бірінші шыдам, төзім қажет. Өйткені, өте ұсақ заттардан үлкен нәрсе құрастыру оңай емес.
- Қанша жобаң бар?
- Қазіргі уақытта үш жобам бар.
- Ата-анаңның қандай қасиетін үлгі тұтасың?
- Ата-анам – өмірімнің шамшырағы. Әркез ақыл-кеңестерін айтып, жөн сілтеп отырады. Олардың адамгершіліктен аттамайтынын көріп өстім. Сонымен қатар сабырлы болу, мейірімділік, еңбекқорлық қасиеттерін үлгі тұтамын.
- IT – технологияны дамыту үшін не қажет?
- Білім. Ынта-жігер. Әр түрлі ғылыми бағдарламаларды зерттеп, көп оқу керек.
- Бүгінгі уақытта алып жатырған біліміңді іс жүзінде пайдаға асыра алдың ба?
- Әрине. Үйдің тірлігінде көп қолдандым десем болады. Мәселен, үйде қол жуғыш істедім. Кішкентай субұрқақ жасадым.
- Таңдаған мамандығын өзіңді несімен баурап алды?
- Мамандығым – оптикалық-электрондық жабдықтар. Атауы айтып тұрғандай, айрықша мамандық. Бұл мамандықты меңгеру барысында кездесетін көптеген пайдалы, әрі қызықты жәйттерге қызықтым. Бүгінгі таңда қарыштап дамып келе жатқан мамандық болғандықтан, мені бірден баурап алды.
- Жүлделі жеңістер...
- Өзімнің сүйіп оқитын мамандығым болғандықтан, көптеген жобаларды қорғап шықтым. Сайып келгенде, жүйелі жұмыстан көрген жүлделі жеңістерім жетерлік.
- Үлгі тұтар ұстаздарың кімдер?
- Өз анам – Ақтоты Жолдығалиқызы, әдебиеттен сабақ берді. Сонымен қатар математик Жанар Сағымбекқызы, физик Ульяна Сәлімжанқызын үлгі тұтамын. Қазір оқып жатқан оқу орнымдағы Бекнұр Асқарұлынан үйренерім мол.
- Құлтемір құрастыру үшін ең алдымен не істеу керек?
- Ойлау қабілетің ұшқыр болуы шарт.
- Мирас, өзге ғаламшарларда тіршілік иелері бар ма?
- Бар, әрине. Өйткені, біздің галактикада біз білмейтін неше түрлі планеталар бар.
- Демалысты қалай өткізесің?
- Спортпен шұғылданамын. Сосын фото, видео құрастыру, 3 D модельдеу бағдарламаларын үйренуге уақыт бөлемін.
- Қандай жанрдағы кітапты оқисың?
- Әдеби бағыттағы және мамандығыма байланысты кітаптар оқимын.
- Мирастың алдағы мақсаты қандай?
- Ең алдымен, оқуымды ойдағыдай аяқтау, сол салада елге қызмет ету. Қосымша жеке бизнес ашып, соны табыс көзіне айналдыру.
Самал Жәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz