Редакцияда қызмет атқарғанның жақсы жері – ел көресің, түрлі адамдармен танысып, әңгімелерін тыңдайсың. Кезекті іссапардың бірінде Көпжасар ауылдық округіне қарасты, Түйеқұдық атты елді мекенге ат басын тіредік. Мұнда бару себебіміз – желіге құлын байлаған Мұқаевтар әулеті туралы материал дайындау болатын. Мұқаевтар әулетінің үлкені, ақсақал – Қияс Нұршинді далаға іздеп бардық. Алаңсыз қойын бағып, аттың үстінде келе жатқан ағамыз бізге жылы амандасты. Әңгімеміз төмендегіше өрбіді.
- Ассалаумағалейкүм, Қияс аға!
- Уағалейкүмассалам, жігіттер!
- Аға, сізді арнайы іздеп келдік.
- Бәрекелді! Қош келесіңдер!
Амандық сұрасқаннан кейін ағамыздың әңгімесіне құлақ түрдік. Жазып алған Қияс ағамыздың әңгімесін оқырман назарына беруді жөн көрдік.
Сүйікті газетім – «Жаңарған өңір»
Мал бағу атадан қалған кәсібіміз ғой. Жайылым биыл көңіл қуантпай тұр. Бұдан бір-екі апта бұрын жауған жаңбырдан кейін көк көтерілді. Изен шығып қойға жақсы болды. Далада мал баққанда ойыңмен оңаша қаласың. Қойды иіріп тастағасын не істейсің. Отырып алып газет-журнал, кітап оқисың. Өз басым баспасөз бетіндегі ақпараттарды жібермеймін. Аудандық «Жаңарған өңір» газеті сүйікті газетім. Аудан көлеміндегі өзекті материалдар, түрлі жаңалықтарды осы газеттен оқып, біліп отырамыз. Сауаты бар әр адам газет оқуы керек. Қазіргілер кітап оқымайды. Телефонға телміреді де отырады. Біздер жас күнімізде қараңғы түскенше оқитын едік. Облыстық «Орал өңірі» мен аудандық «Жаңарған өңірге» тұрақты түрде жазыламын. Соның ішінде аудандық газетті оқып келе жатқаныма табаны күректей 48 жыл толды. Аудан қайта құралмастан бұрынғы уақытта есептесек, 50 жылдан асып жығылады. Ауыл өміріне қатысты жазылған материалдар көңілімнен шығады. Мал шаруашылығы туралы тұрақты түрде жазып тұрсаңыздар деген тілегім бар. «Жаңарған өңір» газетін ұзақ жылдан бері оқығасын ба, ондағы авторлар өзімнің таныстарым секілді боп кетті. Өмірзақ Ақбасов редактор болып тұрғанда тым тәуір мақалалар жазды. Қаһарман Зинуллин деген жігіттің жазғандары көңіл пернелерін дөп басады. Зерттеу материалдарының да көтерер жүгі мол. М.Бектұрсынова, Г.Әбдіғалиқызы сынды қарындастарымның да жазған-сызғандарын оқып тұратынбыз. Қазіргі кезде газет ұжымы жасарды ғой. Жастармен бірге жастық жалын да бірге келген секілді. Қазір газет бетінде жиі-жиі мәселелер көтеріліп, елдің мұң-зарын ашып жазады. Одан кейін дизайн да сан түрленіп шыға келді. Еңбек адамдары туралы жазылған беттегі суреттер анық әрі сапалы. Сол адам қасыңда тұрғандай күй кешесің. Өзіме ұнаған мақаларды да айтып өтейін. Редактор Алтынбек Ермекқалиевтің «Beeline»-да байланыс қашан болады?», «Пятимар тоғайын, таза ұстайық!» атты мақалалары, Жанайдар Болатбекұлының «Ауыл халқы ауызсуға жарымай отыр», «Қылышын сүйреп қыс келер, мал азығы дайын ба?» атты мақалалары ерекше көңілімнен шықты. Осы мақалалар шыққан санын сақтап жүрмін. Арасында қайталап та оқимын. Жастардың бет алысына дән ризамыз. Алған беттен қайтпаңдар.
Кітап оқуға да уақыт табамын
Оқыған адамның жаман болғаны жоқ. Мен де оқудан еш уақытта жалыққан емеспін. Кітаптарды да жиі оқып тұрамын. Қой бағуға шыққанда міндетті түрде етігімнің қонышында газеттің жаңа саны жүрсе, жан қалтамда сүйікті авторларымның бір-екі кітабы жүреді. Қазақ жазушыларынан Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Қабдеш Жұмаділов сынды тамаша талантты жазушылардың шығармаларын оқығандыұнатамын. Кітап оқыған адамға ерекше бір ләззат сыйлайды ғой. Оқиғаны ішіне кіріп кетіп, соңы не болар екен деп алаңдап отырасың. Әдебиетіміз өте бай. Бұрын оқуға кітап таба алмайтынбыз. Қазіргі мынадай кең заманда кітап оқыған керемет емес пе? Далада алаңсыз, қойларыңды бағып қойып, дала қазағының ой-өрісімен көркем әдебиетке сапар шегіп келгеннің еш айыбы жоқ. Кейде ойлаймын, осы жазушылар, ақындар барлық шығармаларын біз үшін жазатындай. Мемлекеттік сыйлық, түрлі атақтарды шығармалары арқылы алатыны белгілі емес пе? Ал, оны оқырмандары жылы қабылдамаса, жазғандарын оқымаса, жылы пікірлерін білдірмесе, бәрі бос әурешілік емей немене?
Сөз соңы:Жарты ғасырға жуық газетіміздің тұрақты оқырманымен жүздескенімізге біз де қуандық. Қазекем «Түйедегенің төрт ауыз, аттылының алты ауыз өлеңі» бар деп текке айтпаған. Қияс ағамыз да көзі ашық, көкірегі ояу, қазақтың арғы-бергі әдебиетінен хабары бар, көкірегі сәулелі адам екен. Қасында тұрып, әңгімесін тыңдай бергің келеді.
Қанжығасы майланған аңшыдай сол сапардан олжалы оралдық. Ағамыздың айтқандарын таспалап, суретке түсіріп оқырмандарымызға үлгі болсын деген ниетпен қолға қалам алып осы мақаланы жазып шықтық. Оқырмандарымыздың бәрі Қияс Нұршин ағамыз сияқты болғанда, біздің «Жаңарған өңір» респбликалық «Егемен Қазақстан» газетінің таралымына жарты ғасырда жетер еді...
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
Суреттерді түсірген: Алтынбек Ермекқалиев