19.09.2020, 15:04
Оқылды: 52

Өңір басшысы казталовтық ауыл азаматтарына ризашылығын білдірді

Казталов ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев Бостандық ауылында атқарылып жатқан істерді көріп, «Муслим» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Ескалиев 3 -2

Аудандығы ірі қожалықтардың бірі саналатын шаруа Махамбет Тайгаренов біраз жылдан бері асыл тұқымды ірі қара малын өсіруде. Қожалық меншігінде 100 гектар шабындық, 7850 гектар жайылымдық жер бар. Бүгінде қожалықта 600 басқа жуық ірі қара болса, соның 471 басы қазақтың ақбас тұқымды малы. Өткен жылы кәсіпкер 60 миллион теңге өз қаражаты есебінен Сарыөзеннен техникалық су тартып алған. Жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын су құбырының бүгінде игілігін көріп отыр.

ескалиев 3-6

- Биыл шөптің шығымы нашар. Бірақ қысқа қажетті мал азығын жинап алуға талпынып жатырмыз. Малға керекті су мәселесі шешімін тапты. Тұрғын үйге шатырына күн панельдерін орнаттық. Бірақ оның қуаттылығы тек үйден артылмайды. Ал электр энергиясын тарту үшін қыруар қаржы керек. Сол түйіткіл болмаса қалған шаруамыз ептеп жүріп жатыр, - дейді қожалық иесі.

Сарыөзенді бойлай орналасқан Бостандық ауылында да ілкімді істер жүзеге асуда. Аталған ауылда Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде әр жылғы мектеп түлектері 2 млн. теңгеге «STREET WORKOUD» алаңын, 1 млн. теңге қаражатқа субұрқақ, 2,5 млн. теңгеге округ орталығына заманауи сахна орнатып, ауылдың көркейе түсуіне өз үлестерін қосқан.

Ескалиев 3 -3

Сонымен қатар ауылдың жомарт жандарының демеушілігімен тозығы жеткен ғимарат жөндеуден өтіп, жас жеткіншектерге арналған бокс залы жасақталуда.

Сондай-ақ округте шағын және орта кәсіп жақсы дамыған. Бүгіннің өзінде ауылда бірнеше дүкен, тойхана, сұлулық салоны, шаштараз, тігін цехы және фитнес орталығы жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы ауылда жаңадан сауда кешені бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кешенде көтерме сауда орыны, асхана, дүкен және 12 кісілік қонақ үй ашылмақ. Кешен құрылысына «Наурыз-97» шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Ибатов 35 миллион теңге қаржы жұмсауда.

Ескалиев 3 -4

Биыл аталған ауылға 46 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, ұзындығы екі шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы төселуде.

Облыс әкімі жастарды спортқа тәрбиелеу бағытында ат спорты, бокс залы секілді орындар жасақтауға демеушілік танытқан ауыл азаматтарына өз ризашылығын білдірді.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале