22.09.2020, 10:56
Оқылды: 157

Қайыңдыға нәр берген

Қайыңды ауылының округ әкімі «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы іске қосылған су жүйесінің жөнделуіне байланысты ауылдастармен ақылдаса келе құдық қазып алғандарын жеткізді. Құдықты өз көзімізбен көріп, суынан да дәм таттық.

20200918_183326

- Ауылдың ақсақалдарынан сұрастыра отырып, бұрынғы құдықтың орнын қазып көруге тәуекел жасадық. «Тәуекел түбі – жел қайық» демекші, ауыл азаматы Асылан Жайыновтың бастап, ақылы қоғамдық жұмыста жүрген жігіттер қостап, құдық қазылды. Тереңдігі 9,5 метрді құраған құдықтан 13 текше литрге дейін су өніп тұр. Алдағы уақытта ауылдастардың қауға шелекпен су тартпау үшін арнайы сусорғы қоятын боламыз,  - дейді округ әкімі Сәкен Ишанов.

Ендігі кезекте осы жерде бұрын болған құдыққа тоқталсақ. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, барлық ауыл тұрғындарына нәр берген құдық 1980-85 жылдары қазылған. Ол үшін Алғайдан арнайы құдықшы орысты алдырып, құдықты қаздыртып, ағашпен шегендеткен екен. Сол құдықтың суын «раздачикпен» де тасып ауыл тұрғындары көп уақыт иігілігін көріпті. Бертін келе құдыққа дұрыс жөндеу жұмыстары жүрмеген соң ағаштары шіріп, іші құлағасын судың көзі бітеліпті.

20200918_183213

Жаңа құдықты қазу үшін жігіттер тұщы су іздейтін айла-тәсілдерді пайдаланып көріпті. Барлық көрсеткіштер ескі құдықтың орнын меңзеген. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, азаматтар бұрынғы құдық жанынан үш метр алып, қазу жұмыстарын бастаған. Жігіттердің еңбегі еш болмай, бұлақ суындай тұщы ауыз су өніп тұр. Құдықты шегендеу мен қоршауына да ауылдың жомарт азаматтары көмектесіпті.

Міне, бірлік пен ынтымақтың нәтижесі қандай болатынын қайыңдылық азаматтар танытып отыр. Осындай сауапты іске ауыл тұрғыдарымен қатар ақсақалдар да дән риза. Осы істің басы-қасында жүрген барлық азаматтарға ақ баталарын беріп, алғыстарын жауғызып жатыр.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале