Жәнібек аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев ардагерлер үйінде аудандағы зираттарда қабірдің құбылаға қарап жататын бағыты өзгеріп кеткендігі туралы айтып, жиын өткізді.
Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова, Жәнібек ауылдық округі әкімінің орынбасары Ләззат Абдолова мен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Басқосуда бас имам зираттардың басына құбыланы көрсетіп тұратын тақтайша орнатылғанын және зираттың қай бағытта қазылуы мен мүрденің орналастыру тәртібін экраннан бейнекөрініс арқылы көрсетіп, түсіндірді. Жиынға қатысқандар тарапынан имамға әртүрлі бағыттағы сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Нақтырақ айтсақ, зират маңына үйшік (будка) пен әжетхана керектігі, соңғы уақытта жаназадағы бәсекелестік, аста-төк ысырапшылдыққа жол бермеу турасындағы ұсыныстар тыңдалып, алдағы уақытта осыны аудан тұрғындарының қаперіне жеткізу қажеттігі әңгімеленді.
Гүлім Қабдолова,
Жәнібек ауданы