Оян ауылына қарасты Қараой қыстағында тұратын Дәурен Қабдығалиұлы шаруашылыққа ерте араласыпты. Сонау тоқырау жылдары кейіпкеріміздің әкесі өз алдына қожалық ашып, мал шаруашылығымен айналысуға бел байлаған кезде Дәурен мектеп жасындағы бала екен.
Кейін 1998 жылдары әке салған ізді жалғастырмақ ниетте қожалықты қолына алып қалыпты. Ол кезде жиырмадан енді асқан жігіт болатын. Сонау айдалада тұратын жалғыз үйдің тұрғындары да талай қызықты бастарынан кешкендерін өздері әңгімелеп бермесе, біле алмас едік.
Жуырда кейіпкеріміздің шаңырағына барып, амандық-саулық сұрасқан соң ішке кіруімізді өтінді. Жаңадан салынған кереметтей үйдің ішіне жайғасқаннан кейін, әңгіменің тиегін ағыта жөнелді. Өзі бір ақжарқын жігіт екен. «Осыдан бес-алты жыл бұрын айналаны торып жүретін қасқыр көп болды. Тіпті үйдің төңірегінде жүрген қойларға шабатын әдет шығарды. Бірде ауданнан кісілер келіп, аула жақ бетте әңгімелесіп тұрғанымызда иіріліп тұрған қой кенеттен шошынып, жан-жаққа қаша жөнелді. Қасымдағы қонақтарға «қойға қасқыр шапты» деп бірден айттым. Олар да аң-таң. Үйдің маңына қасқыр келеді деп ойламаса керек, сірә. Содан қасекең бытыраған қойдың арасынан бір қойды арқасына салып алып, сай жаққа қарай жортып барады екен. Дереу көлігіме отырып қуа жөнелдім. Біраз қудым. Қасқыр өте айлалы болады екен. Кезінде ауылдағы қариялардан еститін едім. Олар (қасқыр), әсіресе, адамдардың күнге тіке қарай алмайтынын біледі де шағылысқан күнге қарай қашады екен. Және олардан көз алмауың керек. Аздаған уақыт көзіңді басқа жаққа аударсаң болды, кейін таппай қаласың дейтін. Сол әңгімелерді есте сақтап, көз алмауға тырыстым. Әлгі арқасындағы қойды сәлден кейін тастап кетті. Қасқырдың мойны мен тісінің мықтылығына таң қалдым. Алып бара жатқаны қозы немесе тоқты емес, кәдімгі саулық қой еді. Тірілей салмағы кем дегенде 35-40 келі тартады. Соны қасекеңнің арқасына салып көтеруіне қанша күш керек десеңізші?! Хош, сонымен бір уақытта жеттік-ау, әйтеуір. Жеттік дейтін себебім, соңымыздан інім де қуып жетті. Қасқыр алдыңғы аяқтарын астына тығып аңдып жатты. Екеуміздің де қолымызда қару жоқ. Бар болғаны көлікте жүретін таяқ қана. Шынын айту керек, қорықтық. Сол қорыққаннан ба екен, әйтеуір бар күшіммен басынан таяқпен салып жібердім. Сөйтіп, қасқыр соғып алғанымыз бар.
Қоймен бірге кетіп барады
Тағы бірде тысқа шықсам, жақын маңда жайылып жүрген отар қой үйге қарай салып келеді. Тағы да қасқыр шапты-ау деп, мен де көлікпен қарсы шықтым. Себебі шошынған қой бірден белгілі, бастарын көтеріп алып жүрістері де өзгеріп сала береді. Сөйтіп, қойдың соңына қарай өтіп, айналаны көзбен шолсам да ештеңе байқалмады. Әрі-бері қараған соң кері бұрылып, қойдың соңына түстім. Сонда әлгі қасқырдың ақылдысын қарай көр. Топтағы қозылы қойдың арасына түсіп алып, жасырын кетіп барады екен. Менің көріп қалғанымды сезді де дереу қойдан бөлініп шыға келді. Кейін оған қуып жете алмадық. Жаманауыздың айлакерлігінде сөз жоқ. Олардың жіптен аттамайтынын да үлкендерден естігенім бар еді. Егер олар атшанаға шабуыл жасаса, ұзынырақ етіп шананың артқы жағына жіп немесе делбе (жегілген атты жүргізетін қалың жіп) тастаса одан асып жоламайтын көрінеді. Оттан сескенеді дегенді де естідім. Бір кездері үйір жылқыға шапты. Ол кезде де дереу атқа қонып, үйірдің жанына бардым. Ондайда мылтық әзір тұра ма?.. Баяғы жалаң қол. Барсам үш қасқыр жылқыны алдына салып қуып келеді екен. Соның біреу келді де (5-6 метрдей жерге) менің дәл алдыма отырды. Мен де тұрып қалдым. Қолымда қамшыдан басқа ештеңе жоқ. Енді қайтпек керек? Содан астымдағы атымды кері бұрып алдым да, «үй қайдасың?» деп шаба жөнелдім. Әлгі қасқая қарап отырған қасқыр да қуа жөнелді. Кейін ойлаймын ғой, атым сүрініп кетіп, құлап, жаманауыздың тырнағына іліксек, бұл күнде мұндай естелік айтып отырмас па едік, кім білген?.. Құдай сақтапты. Астымдағы атымның жүйріктігінің арқасында үйге аман-есен жеттік» деп ойын түйіндеді Дәурен Қабдығалиұлы.
Шынымен де, бір басына айласы жетіп артылатын жаманауыздың әлі күнге адам баласына көрсетпегені қаншама?! «Мал-жанды ит-құсқа жем қылма» деп тілеп отыратын бұрынғының сөздері бекер емес екен-ау...
Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz