Бәйтерек ауданында егін ору науқаны аяқтала келді. Өңірдің астық қамбасы саналатын аудан шаруалары бүгінде дәнді дақылдарды ору жұмысын толықтай аяқтады. Алдымен өткен жылы егілген күздік дақылды орып алған шаруалар одан жақсы өнім алған.
52797,6 гектар жерге егілген күздік бидай әр гектарынан 23 центнер өнім беріпті. Бүгінде қамбаға 175262,21 тонна күздік бидай түскен. Ал 2999 гектарға егілген қара бидайдың әр гектарынан 18,3 центнер өнім алынған. Қазіргі таңда 5488 тонна қара бидай қамбада. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Серік Ищанов мәлімдеді.
- 56331,3 гектарға жаздық бидай еккен шаруалар гектарынан 6,8 центнер өнім алды. Қамбаға 37546 тонна астық түсті. Биыл арпа 15186 гектра жерге егілген еді. Ол дақылдың гектарынан 6.7 центнер өнім алдық. Тары мен сұлы, ноқат пен қарақұмық және құмайды да шаруаларымыз толықтай жинап алды. Олардың да өнімділігі жаман емес. Бүгінде қамбаға түскен дәнді дақылдардың жалпы көлемі 49576,9 тоннаны құрады, - дейді С. Ищанов.
Маманның айтуынша қазір дәнді дақылды жинау жұмысы толық аяқталған тек майлы дақыл саналатын күнбағыс жинау ісі қалыпты. Сондай-ақ аудан диқандары күздік дәнді дақыл егу ісін де аяқтаған.
- Биыл шаруалар 51399 гектар жерге күздік дақыл септі. Оның 2690 гектары қара бидай болса, қалғаны күздік бидай, - деді С. Ищанов.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы