Күй анасы атанған – Дина Нұрпейісованы иісі қазақ баласының бәрі біледі. Жастайынан өнерге құштар болған, Құранғазының шәкірті атанған күйші әжеміз туралы небір аңызға бергісіз әңгімелер бар. Дина әжеміздің табаны тиген Жаңақала ауданы Көпжасар ауылдық округіне жолымыз түсіп, мектепке арнайы барған едік.
Күйші анамыздың атындағы мектеп биылғы оқу жылын штаттық режимде бастаған, яғни оқушылардың барлығы алтын ұя мектебіне аяқтай барып оқып жүр. Қуанарлық жағдайды естіп, мектеп ішін араладық. Барлық талаптарға сай жабдықталған мектептегі тазалық та көңіл қуантады. Оқушылардың барлығы бетпердемен кіреді, есік алдынан дене қызуларын өлшейді. Бір партаға бір оқушыдан отырғызылған екен. Әліби Ғұбашев басқаратын мектептің жеткен жетістігі де аз емес.
- 2019-2020 оқу жылынан бастап Дина Нұрпейісова атындағы жалпы орта білім беретін мектебіне қызметке келдік. Осы мектепте әлі де жұмыс жасап келеміз. Келгеннен бастап алдымызға үлкен жоспар қойдық. Былтыр 305 оқушы білім алды. Оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалды. Жатақханамен қамтамасыз етілген балаларға да барлық мүмкіндіктерді жасап, қуантуға тырыстық. Наурыз айына да бірнеше жоспарымыз болған еді. Әлемді жаулаған дертке байланысты уақытша тоқтап қалды. Алдағы уақытта да ауқымды шаралар мен нақты жоспарлар өз кезегін күтіп тұр. Оқушыларымыз IV тоқсанды қашықтан оқып тәмамдады. 2020 жылы мектебімізді бітірген 27 түлектің алтауы жоғары оқу орнына грантқа түссе, 18 оқушымыз арнаулы оқу орындарының гранттарын ұтып алды. Тағы бір ауыз толтырып айтатын жетістігіміз 1 оқушымыз «Алтын белгі» иегері атанса, 1 оқушымыз «Ерекше аттестат» иегері болып, екеуі де ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, өздері қалаған жоғары оқу орындарының гранттарын жеңіп алды, - дейді Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ-нің директоры Ә.Ғұбашев мектептің ахуалымен таныстырып.
Мектептегі маңызды орындардың бірі – кітапхана. Кітапханасының ішін көріп, кітаптарының мол екендігіне көзіміз жетті. Жаңадан шыққан кітаптармен қатар, ізденімпаз оқушыларға неше түрлі саладағы кітаптардың самсап тұрғанына куә болдық. Туғанына 175 жыл толған Ұлы Абай атамыздың суреті де мектепішіне сән беріп тұрғандай. Жұбан атамыздың суреті мен кітаптары да мектеп кітапханасының мерейін асырып тұр.
Кітапханадан шығып сабақтар өтіп жатқан кабинеттерді араладық. Тәжірибелі ұстаз Кенже Төремұратова қазақ әдебиеті сабағын өткізіп жатыр екен. Сабақ аяқталған соң Кенже апайдың пікірін білдік. Ол кісі бізге былай деді:
«Қашықтан оқу ата-анаға да, оқушыға да, қала берді ұстазға да кедергілер келтіргені жасырын емес. Қазір мектебіміз штаттық режимде. Оқушыларымыз партасына жайғасып, бір-бірімен ойнап, бал-бұл жанған жүздерін көріп отырып сабақ берген, әрине ғажап. Еліміз осы дерттен аман-есен шығуын тілейміз. Биыл Ұлы Абай атамыздың 175 жылдығы болды. Абай барда қазақ өлмейді, қазақ барда Абай атамыздың есімі жарқырай бермек. Өзім сабақ беретін сыныптардың оқушыларына ақын атамыздың мұрасын кеңінен таныстырып, өлеңдерін жаттатамын. Абайы бар біздің ел бақытты деп ойлаймын».
Көпжасардың атын шығарып жүрген жас ақын Азамат Бақиев те өзінің білім алған мектебіне жұмысқа орналасыпты. Жастық жалыны мен жігерін өз мектебіне арнаймын деп шешім қабылдаған бауырымыздың бұл ісіне біз де разы болдық.
- Дина анамыздың атындағы мектепте 2 қызым оқиды. Екеуі де оқу озаты. Әліби Салықұлы бастаған мектеп ұжымының жұмысына ата-аналық көзқарасым оң. Ұстаздардың еңбектерін өте жоғары бағалаймын. Мектептегі өтіп жатқан түрлі мәдени шаралар, балалардың алып жатқан біліміне көңілім толады. Биылғы оқу жылында балаларымыз барып оқитын болып, бір жасап қалдық. Ұстаздың алдында отырып алған білімге еш білім жетпейді ғой. Сол себепті мектеп алдағы уақытта да осылай жұмыс істей берсе деген тілегім бар, - дейді Надежда Ғұмарова есімді ата-ана алғысын білдіріп.
P.S: Мектеп – ең қасиетті мекендердің бірі.Себебі, онда оқушылар сауатын ашып, білім нәрімен сусындайды. «Қырық жылғы сәлемге лайықты, Ұстазың бір әріптік білім берсе» деп жырлайды айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов бір айтысында. Ұстазын сыйлаған оқушыны, шәкіртіне білім беруге бар жігерін жұмсаған ұстазды, оқу ордасына жаны ашитын білікті директорды көріп марқайып қалдық. Дина Нұрпейісова атындағы ЖОББМ-нің ұжымы алдағы уақытта талай биік белестерді бағындырарына толықтай сенімдіміз...
Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz