Карантин шаралары біршама жеңілдетілгенімен отбасылық шаралар, той-домалақ, салт-жоралғыларды өткізуге тыйым салынды. Десе де осы шектеуге құлақ аспай, тәртіп бұзушылар азаяр емес.
Бөкей ордасы аудандық ішкі істер бөлімі Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция аға лейтенанты Азат Нұрғалиевтің хабарлауынша, мониторингтік топ сенбі-жексенбіде рейдке шығып, пандемияға қатысты шектеулерді елемей, санитарлық талапты сақтамаған нысандарды аралап, тиісті шараларды қабылдады.
Той-көпшілік шаралар өткізуге салынған тыйымды елеместен той тойлап, қонақ күткен азаматтарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Аудан орталығы Сайқында үш той, Хан ордасында үш той өткені анықталды.
Өз иелігіндегі дүкеннің санитарлық жағдайына салғырт қараған бір кәсіпкерге де айыппұл салынды.
Қыркүйектің 19-20-сы күндері дәл осы той тойлауға қатысты бес бірдей факті анықталған еді. Аудан орталығында өткен екі сырға салу, екі үйлену тойы, бір құдалық той шараларын өткізген азаматтарға айыппұл салынды.
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz