Бұл туралы бүгін БҚО Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев айтты.
– Биылғы жыл денсаулық сақтау саласына күрделі кезең болғаны белгілі. Әлемді шарпыған індет ауданымызда да белең алып, сын сағатта ақ халатты обзал жандардың еңбегі мен еріктілер көмегінің нәтижесінде қиындықтар артта қалды. Сырым ауданында індет жұқтырған 238 тұрғын тіркелді, жасақталған провизорлық орталыққа 136 науқас жатқызылды. Олардың барлығы да тиісті ем-домдарын алып шықты. Бүгінгі күні барлық стационарлар жабылып, штаттық түрде жұмыс істеуде.
Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласына демеушілік жасап, қол ұшын берген азаматтарымызға алғысымыз шексіз.
Осындай жомарт жерлестеріміздің арқасында аудандық ауруханаға 15 оттегі концентраторы, 9 пульсоксиметр, тепловизор, антисептиктер, қажетті дәрі-дәрмектер алынып берілсе, провизорлық орталықта еңбек еткен медицина қызметкерлері уақтылы ыссы тамақпен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар елімізде індет орын алған мерзімнен бастап жанашыр азаматтарымыз 3329 отбасына 8,3 млн. теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетті.
Денсаулық сақтау саласында әлі де педиатр, фельдшер, жалпы тәжірибе дәрігерлері жетіспейді, – деді аудан әкімі.
zhaikpress.kz