12.10.2020, 16:19
Оқылды: 73

Аралтөбе мектебіне әр кірер күн қашан?

Қазір қай ауылға барсаңыз да, күрделі жөндеуден өткен, сәні мен салтанаты келіскен мектептер «мен мұндалап», ауылдың ажарын ашып тұрады. Алайда, Аралтөбе ауылына барғанда көргеніміздей, ауыл мектебі туралы бұлай айта алмайсың.

 Аралтөбе мектебі (1)

Аралтөбе орта мектебінің сыртқы қабырғалары да, терезелері де,  қоршауы да, қақпасы да ескірген екен. Ауласына да гүл егілгенімен, өріліп жатқан өрнектасты көрмедік.

Ауылдағы әлеуметтік нысанның  бастысы – мектеп. Аралтөбеге табиғи газ бен су келді. Жол салынып жатыр. Енді білім ошағына көңіл бөлетін кез де келген сияқты.

Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитовпен хабарласқанымызда, ауылда бірнеше жылдан бері сұралып, шешімін таппай келетін мәселе – мектептің ауласының абаттандырылуы, яғни, өрнектас төсеу екенін айтқан болатын. Иә, айтса, айтқандай екен. Орта мектептердің ішінде ауласы жалаң топырағымен жатқан бірден-бір мектеп – осы Аралтөбе орта мектебі. Сонда неше жылдан бері мектептің ауласында өтетін алғашқы қоңырау, соңғы қоңырау салтанаттары осы жерде өтіп келе ме? Түлектер соңғы мектеп вальсін бұрқыраған шаң мен топырақтың үстінде билеп келе ме? Салтанатты шараға арналған неге атына заты сай сәні мен салтанаты келісіп тұрмасқа? Қазір – өркениет заманы. Бір мектептің ауласы тұрмақ, жекелеген тұрғын үйлердің де ауласына стяжка құйылып, өрнектас төселіп жатқан жоқ па?

Аралтөбе мектебі (3)

Мектепті 32 жыл басқарып келетін директоры Бекет Қабасовтан  мектептің жағдайын сұрадық. Бекет Мырзағұлұлы мектептің ішін аралатып, көрсете жүріп:

–   Мектеп 1967 жылы госпитальға бейімделіп салынған.  85 оқушы бар. МАДС-те – 8 оқушы. Шағын орталықта 18 бала тәрбиеленуде.  Кадрлар жеткілікті. Бейнелеу өнері, домбыра, тоғызқұмалақ үйірмелері бар. Ұстаздарымыз бен шәкірттеріміз жүлделі орындармен көзге түсіп жүр. Бір жаңартылғанымыз –  ішкі әжетхана орнатылды. «Отау ТВ» қойылды. Білім ошағы 2006 жылы күрделі жөндеуден өтті. Жылу жүйесі жаңартылып, шатыры ауыстырылды, сыртқы қабырғасы сырланды. Алайда, ішкі әрлеу жұмыстары ол кезде жасалмады. Еденіміз бүгінге дейін тақтай еден еді, Абай орта мектеп-балабақша кешенінен алынып тасталған ескі линолеумдарды төсеп қойдық. Берілген 1200 шаршы метр линолеумнің 900 шаршы метрі ғана пайдаға асты. Қалғаны төсеуге жарамсыз. Әрине, аты линолеум демесең, ескі. Кейбір жерлерін қолдан кесіп, келтіріп төседік. Бір дәліздің өзінде бірнеше бөлікке бөлініп төселген, түстері де өзгеше. 1967 жылы салынған ағаш еденімен тұрған әлі 6 кабинет бар. Терезелер де ескі, бәрі де  –  ағаш терезе. Жыл сайын оларды ашып-жабу қиын. Әйнектері ескіріп, шытынап тұрғандары бар. Терезеге топса салынбаған, ашып-жабу да оңай емес. Ашатын болсақ, бір көзін түгел жақтауымен суырып алуға туралы келеді. Терезелер замазкаланғанымен, кеуіп кеткен кезде, бәрібір арасы жарылып, жел кіреді. Ағаш жақтаулары әбден күнге қурап тұр. Мектеп бойынша 100-ге жуық терезе бар. Жыл сайын жазда терезелердің әйнегін ақтатып, тамыздың 25-інде жуамыз. Әйтпесе, еден, жиһазды күннің көзіне желінеді. Мектебімізге компьютер де керек. 6 ноутбук, 6 компьютер берсе, соны қанағат тұтар едік. Спортзал да ескірген, оның қабырғасын қырып, биыл өзімізше лекерлеп қойдық. Мектепке жөндеу керек-ақ. Толықтай ішкі әрлеу жұмыстары қажет. Төбедегі шатыр плиткалары (черепица) арасынан су кіріп, спортзал мен акт залының төбелері шіруде. Шатыр да ауыстыруға сұранып тұр. Мектеп ауласына 500 шаршы метрге өрнектас сұрадық. Үш жылдан бері айтып келеміз. Гүл егуге арналған бордюрларымызды өз қолымызбен құйып жасадық. Енді бізге мектептің алдына өрнектас төселсе дейміз. Мектеп ауласындағы  ескерткішке дейін баратын жол керек, -дейді білім ордасының басшысы.

Иә, аты дардай, ауданда алғашқылардың бірі болып салынған, тарихтың парақтарын бойына салмақ етіп көтеріп тұрған мектепке құрмет те, жөндеу де керек. Көзіңе көрініп тұрғасын айту – міндет. Енді барғанымызда мектеп көздің жауын алып, ауласы абаттандырылып тұрғанын көрсек дейміз.

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале