«Əйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бiрлестiгiнiң тɵрайымы, «Кɵркем» дамыту орталығының жетекшiсi Гүлмира Төлегенова мен Теректi аудандық аналар кеңесiнiң тɵрайымы Аягɵз Айтқалиева Шаған ауылдық округiнiң аналарымен, жас отбасылармен жүздесті.
Жиында облыс орталығынан арнайы келген Гүлмира Тайманқызы:
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын немесе психикалық зардап келтіру қаупі бар құқығына қарсы қасақана іс-әрекеті. Зорлық-зомбылықтың 4 түрі бар: денсаулыққа қасақана зиян келтіретін күш көрсету зорлық-зомбылығы; адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау, психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсітетін психикалық зорлық-зомбылық; жеке тұлғаның жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық; адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыруды көздеген экономикалық зорлық-зомбылық. Әр адам өзінің құқығының тапталмауына көңіл бөлуі керек. Осы салада жұмыс істегелі бері үйінде зорлық-зомбылықты көрген бала болашақта соны қайталайтынына көзім жетті. Мәселен, бір жігіт өмір бойы әкесінің анасына қол көтергенін көріп өсті делік. Анасы ешкімге шағымданбай, күйеуінің іс-әрекетіне көнді. Ешкімге тіс жармады. Сол себепті жігіт үшін бұл қалыпты жағдай. Ол да үйленген кезінде әкесінің ізін қуып, отбасының шырқын бұзады. Сондықтан кез келген зорлық-зомбылыққа көз жұмып қарамауымыз қажет. Ұрпағымыз өз мақсатына күш көрсету арқылы емес, білімі мен еңбегінің арқасында жете алатынын түсінуі қажет, - деп зорлық-зомбылықтың түрлерiмен таныстырып, алдын алу шараларын атап ɵттi. Сондай-ақ жанұядағы ата-ана қарым-қатынасының бала болашағына əсерi, ұл мен қыз тəрбиесiне де тоқталды.
Теректi аудандық аналар кеңесiнiң тɵрайымы Аягɵз Айбарқызы жұбайлар шаттығының сыры, əйел энергиясының құпиясы, баланы жазасыз тəрбиелеу туралы айтты.
Отбасы институтын қалыптастыру, ерлi-зайыптылардың ажырасуы мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ɵткен шарада əр қатысушы ɵз пiкiрiн ортаға салып, ойларымен бɵлiстi.
Кездесу соңында қатысушылардың келiсiмiмен Жаңа Ɵмiр ауылдық кiтапханасының меңгерушiсi Жанар Тоқтарова Шаған ауылдық округi бойынша аналар кеңесiнiң тɵрайымы болып тағайындалды.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz