16.10.2020, 10:46
Оқылды: 64

Ел үмітін ақтаған дәрігер

Әлемді жайлаған жұқпалы дертпен күресуде ақ желеңді абзал жандардың еңбегі зор. Адам өмірін қорғауда өз басын қатерге тігіп жүрген жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді. Қазақстан ғана емес, әлем елдерін есеңгіретіп, талай өмірді жалмаған коронавирус пандемиясы адамзатқа төнген үлкен қауіптің бірі болды. Осындай қиын кезеңде адам өмірі үшін арпалысып, уақытпен санаспай, өз антына адал дәрігерлердің еңбегі ерекше! Ақ желеңді абзал жандар күні мен түнін ауруханада өткізді, апталап үйлеріне бармады, бала-шағаларынан жырақта жүрді. Сонымен қатар олар аурудың азабын тартып жатқан отандастарымен күнделікті бетпе-бет келіп, адам өмірі үшін күресті. Біздің дәрігерлердің жанқияр еңбегінің арқасында көптеген адамдар отбасына қайта оралды. Дүние жүзін дүрліктірген пандемия өршіп тұрған уақытта бүкіл ел дәрігерлерге арқа сүйегені анық. Бүгінгі мақалада қарусыз майданның алдыңғы шебінде жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі-аудандық емхана меңгерушісі Әділбек Темірғазы туралы әңгіме өрбітпекпіз. Ол дәл бүгінгідей ел басына күн туған, қиын шақта халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек ету өзінің дәрігерлік парызы деп есептейді.

Dariger (1)

Әділбек Талғатұлы 1989 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінде оқып жүрген бозбала шағында алтын қолды дәрігер атануды армандаған. Тек армандап қана қойған жоқ, бойындағы таудай талабын шыңдап, алдына биік мақсат қойды. Осылайша 2008 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түсіп, еңбек жолын алғаш 2015 жылы Жаңақала аудандық ауруханасында жалпы тәжірибелі дәрігері болып бастайды. Одан әрі 2017 жылы фтизиатр маманы болып жұмысын жалғастырады. Алдынан талай науқас дертіне шипа тапқан білікті маман 2018 жылдан бері аурухананың емхана бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Қазіргі таңда жары Ботагөз Ибадуллақызы екеуінің Ибраһим атты ұлдары бар. Жары Ботагөз де аудандық аурухананың акушер-гинекологі. Дәрігерлік қызметте жасайтын жас отбасы болашақта балаларының да дәрігер қызметінде жұмыс жасағанын қалайды және соған бар күш-жігерлерін салуда. Адам өмірін сақтауда еңбек етіп жүрген маман, дәл мұндай қиын жағдайды көрмегенін айтады.

Dariger (2)

– Мұндай уақытта білікті маман аянбай еңбек ету арқылы ғана елді қауіпті індеттен сақтап қала алады. Бұл – дәрігерлер үшін үлкен сын. Ең алдымен ерен еңбекті талап ететін сынақ. Сондықтан барлық ақ халатты абзал жандарға әлі-ақ елдің айтар алғысы шексіз боларына сенемін. Біз біргеміз, қауіпті індетті бірге жеңеміз! Дәрігерлердің шұғыл  әркеті мен ізденістерінің нәтижесі қазір халыққа үлкен үміт сыйлап отыр. Ел үміті ақталады деп ойлаймын, – дейді дәрігер.

Соңғы деректерге сүйенсек, жағымды жаңалықтар да аз емес. Науқасқа шалдыққан мыңдаған адамның беті бері қарап, аурудан құлан-таза айығыпты. Осы ретте дәрігер маман алғашқыда науқастарды емдеу оңайға соқпағанын айтады. Диагноз қойылғанымен, науқасты емдейтін нақты препараттар болмаған. Соған қарамастан, әрбір дәрігердің жедел әрі сауатты жұмыс жүргізе білуінің арқасында індетке шалдыққандар жазыла бастады. Сын сағатта дәрігер мамандардың біліктілігінің жоғарылығы және кез келген төтенше жағдайға дайындығы байқалды. Бұл жөнінде Әділбек Темірғазы да өз әріптестерінің ерен еңбегін мақтан тұтады. Коронавирус індеті байланыс арқылы жұғатыны белгілі. Бұл салмағы ауыр вирус болғандықтан, ол адамның қолына, ұстаған заттарына жабысып қалуы мүмкін. Ал өзінің қауіпсіздігінен гөрі өзгенің жайын көп ойлаған дәрігер індеттің қауіптілігіне қарамай, басын бәйгеге тікті. Науқастарды емдеу ісіне белсене кірісіп жүрген дәрігер Әділбек Темірғазыдан біз індет жұқтырған адамдарды емдеу кезінде медицина қызметкерлерінің қалай сақтанатынын сұрап көрдік. Арнайы костюм, көзілдірік, ауызға тағатын респиратор, арнайы аяқ киімдер олардың басты қорғанысы екен. Әрі бұларды 3 сағат сайын ауыстырып тұру керек. Бірақ бұл киімдерді кию кезінде де дәрігер қателік жіберіп қойса, яғни сәл ғана ауа кіретін орын қалса, онда індеттің жұғып кету қаупі жоғары. Дәрігердің өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін сақтап қалу кезіндегі ерлікпен бірдей ерен еңбегі көпке үлгі. Ерекше еңбегімен көзге түсіп, ел игілігі үшін адал қызмет атқарып жүрген маман көптің алғысын алып та үлгерді. Қауіпті дерттің таралуын тежеу барысында бір мүдде мен бір мақсатты көздегенде  ғана жеңіске жетуге болады. Алғыс арқалаған ақ халатты абзал жанның өз қызметін адал атқаруы ел алдындағы абыройлы борышы.

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале