Жыл басынан бері Бәйтерек ауданында бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұраған өтініш тіркелмеген. Бес әлеуметтік шиеленіс ошағы анықталып, аудандық прокуратура және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың бірлесе атқарған жұмыс арқасында екі мәселе толық, тағы үш мәселе ішінара шешімін тапқан. Сондай-ақ ҚР Қоғамдық даму минитрлігі жанынан құрылған этносаралық келісім комитетінің мониторингтік тобы Дариян ауылы тұрғындарының ұлтаралық байланыс, жергілікті билікке деген көзқарастарын анықтауға арналған кешенді сауалнама жүргізіп, тұрғындар пікірі оң бағаланған. Бұл туралы «Adal komek» жобасы аясында тікелей эфирге шығып, жыл басынан бергі атқарған жұмысы жайында ақпарат берген аудандық ішікі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр мәлімдеді.
Эфир барысында Нұржан Тоғызбайұлы ішкі саясат бөлімімен ауданда жағымсыз үрдістерді болжамдауға және айқындауға, олардың динамикасы мен сипатын анықтау мақсатында тұрақты түрде ауданның қоғамдық-саяси ахуалына мониторинг жүргізіліп, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылып жатқанын да атап өтті. Айтуынша, ауданда әлеуметтік шиеленіс ошақтарын уақытында анықтау және халықтың наразылық көңіл күйін төмендету мақсатында аудандық прокуратура мен жергілікті және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс атқаруға бағытталған Әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасы бекітіліпті. Мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы нәтиже бере бастаған.
Бұдан бөлек 2020 жылғы 7 қыркүйекте 2020 жылғы 25 мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» ҚР Заңына сәйкес Бәйтерек ауданы бойынша бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі, шекті толтырылу нормалары, олардың материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық жағын қамтамасыз етуге қойылатын талаптары, пикет жүргізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау туралы мәселе мәслихат сессиясында қаралғанын да ішкі саясат бөлімінің басшысы эфир барысында айтып өтті. Мәслихат шешімі Әділет органында тіркеуден өткен.
– 2020 жылғы 1 қыркүйектегі ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын халыққа жеткізу мақсатында ауданда қоғамдық кеңестердің ашық диалогтық алаңы оздырылды, – деді Н. Дүзбатыр өз сөзінде.
Бүгінде Бәйтерек ауданында 10 үкіметтік емес ұйым, 10 этномәдени бірлестік және 1 кәсіподақ ұйымы тіркелген. Олар мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта жұмыстануда екен.
– 2020 жылы ауданымызда мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыруда үкіметтік емес секторды қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 1,6 млн. теңге, жастар арасында діни сауаттылықтық арттыру мақсатында 1,2 млн.теңге бөлінген болатын. Наурыз ауында басталған пандемия салдарынан үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс қаржысын алған жоқ. Жастар арасында діни сауаттылықтық арттыру мақсатында «Шапағат шамшырағы» қоғамдық бірлестігіне мемлекеттік тапсырыс қаржысын бір көзден беру тәсілі арқылы жұмыстар атқаруда. Ауданда 1 саяси партияның аудандық филиалы жұмысын жүргізуде. «Nur Otan» партиясы қоғамдық бірлестігінің ауданда мүшелерінің саны 2090 адамды құрайды. «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы бойынша мекеме қызметкерлеріне, қоғамдық орындарда, ауылдық округтерде, мектептерде, көлік жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, брошюралар таратылды. 22 ауылдық округта «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» баннерлер ілініп, мектеп оқушылары бойына ашық сана, адалдық, әділдік тәрбиелеу мақсатында 46 мектепте «Адалдық» дүкендері ашылып, жұмыстанып жатыр. «Адал көмек» жобасы аясында бірінші басшылардың қатысуымен тамыз айында – 9, қыркүйек айында – 13 тікелей эфир өтсе, қазан айында – 14 эфир жоспарланып, бүгінге дейін 8 эфир ұйымдастырылды, – деді Н.Дүзбатыр.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы ауданда жастар саясатын жүргізу ісі де бір жолға қойылғанын айтып өтті. Бүгінде Бәйтеректе 12388 жас бар екен. Олардың мәселелерімен ресми тіркелген 4 жастар қоғамдық білестігі және Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық айналысады екен.
2020 жылғы мемлекеттік жастар саясаты саласында ұйымдастырылған барлық шаралар ақпараты әлеуметтік желілерде көрініс тапқан. Сондай-ақ аудан бойынша 2020 жылға арналған желілік шаралардың медиа жоспарына сәйкес жыл басынан бері 85 іс шара жүзеге асырылып, 4400 жас қамтылыпты. Қазір санитарлық талаптарды сақтай отырып, шаралар ұйымдастырылуда. Экологиялық және қайырымдылық акциялары, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, спорттық сайыстар, рухани басқосулар және онлайн дәрістер өткізуді жастар еш ұмытқан емес. Ауданның белсенді жастары өткізген барлық іс-шара БАҚ пен әлеуметтік желілерге тұрақты жарияланып тұрады екен.
– Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа жұмыссыздық мәселесі бойынша кеңес алуға 98 жас келген. Осы уақыт аралығында 103 жас тұрақты жұмысқа орналасса, 111 жас «Жастар тәжірбиесі» арқылы жұмысқа тартылды. Пандемия кезінде «Жастарға кеңес» жобасы аясында 15 және «Live Dialogue» жобасы арқылы 6 тікелей эфир оздырылып, оған ауылдық округтегі белсенді жастармен қатар «neet» санатындағы жастар қатысты. Жастарға қатысты жұмыспен қолдауға арналған «Жастар тәжірибесі», «Birgemiz: BILIM», «Дипломмен ауылға», «Жас кәсіпкер», жобалары аясында кәсіпкерлікпен айналысу және кәсіптік білім алу жөнінде ауқымды кеңестер берілді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында кәсіптік оқуға жолданып, несие алғандардың 30 пайызын жастар құрайды. Олар әртүрлі мамандықтар бойынша оқытылып, өз кәсіптерін ашуда, – деді Нұржан Тоғызбайұлы.
Н.Дүзбатырдың айтуынша, аудан жастары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» мемлекеттік гранты аясында «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің аудандар бойынша шағын гранттар байқауына қатысып, өз жобаларын сәтті қорғаған. Бүгінде 500 мың теңгенiң грантын иеленген жеке кәсіпкер Айсұлу Сәпиева «Ayana» балаларды дамыту орталығын, дарияндық Марзия Кунуспаева «Цвети, мой парк родной» жобасын, Махамбетте ауылының тұрғыны Ұлмекен Сарманова «Барлық жақсылық балаларға» жобасын іске асыруды бастап кетіпті. Эфир барысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының аудандағы жемісті жұмысы жайы да айтылды
Қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі – халықтың діни сауаттылықты арттыру болып отыр. Ресурстық орталық теологтары «Бәйтерек жастары» әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, дін мәселесі жайында кеңес беруді қолға алған. Қайырымдылық жасау ісі де еш ұмытылмақ емес. Төтенше жағдай кезінде «Біз біргеміз» акциясы аясында 24741 маска таратылып, аталмыш акцияға 1455 волонтер атсалысқан. Шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, еріктілердің демеушіліктерімен 711 отбасыға көмек көрсетілген. Оның 512-не азық-түлік берілсе 199 отбасы негізгі шаралардан бөлек көрсетілген көмек түрлері дәрі-дәрмек алып беру, коммуналдық төлемдерді төлеумен қамтылған.
– Бөлім арқылы «Қазақстан Қызыл айы» қоғамдық ұйымының жұмысы жүргізіледі. Ұйымның ауданда жүзге жуық мүшесі бар. Ұйым төтенше жағдай кезінде мұқтаж 10 отбасының әрқайсысына 12 мың теңге көлемінде азық-түлік себетін ұсынды. Халықаралық ұйым отбасында әкесіз өсіп жатқан 5 баланың екеуіне балалар 18 жасқа толғанша жәрдемақы тағайындауды қолға алған. Біздің ауданнан 4 бала ұсынылып, 2 бала қолдауға ие болды. Енді құжаттарын рәсімдеуді бастаймыз, – деді тікелей эфир барысында Н.Дүзбатыр.
Эфир барысында ақпараттық саясат, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, ел рәміздерін дұрыс қолдану, отбасылық-демографиялық саясат және ардагерлер кеңесінің жұмыстары туралы да ақпарат берілді.
Сөз соңында Н.Дүзбатыр жыл соңына дейін атқарылар жұмыстары жайына да тоқталды.
– Қараша айында дәстүрлі «Жомарт жүрек» меценаттар форумы, «Жыл үздігі», «Үздік волонтер» аталымын табыстау, «Бәйтерек ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстау жоспарда бар. Рубежин ауылының тұрғыны, өлкетанушы В.В.Милехиннің «О героях былых времен Приуралье» және еңбек ардагері Мичурин ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Абдулхалықовтың шығармалар жинағын шығаруға редакторлық жұмыстар жүруде. Аудандық «Ауыл тынысы» газетінің 80 жылдығын атап өту және архивіміздегі майдан газеттерінің электронды нұсқасын жинаққа енгізу жұмыстарын атқарамыз, – деді ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер