23.10.2020, 14:28
Оқылды: 22

Бәйтерек ауданының әкіміне медаль табыс етілді

Бәйтерек ауданына БҚО Төтенше жағдайлар Департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев келіп, аудан басшылығымен кездесу өткізді.

Аким

- Бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы айтқан болатын. Биыл Елбасы бастамасы іске асып, Президент Жарлығымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі құрылды. Құрылымымызға 25 жыл. Атаулы датаға орай министріміз 16 қазан күні арнайы бұйрық шығарып, қазіргі аумалы-төкпелі заманда тыныштығымызды сақтап отырған барша азаматтарға алғысын білдіруде, - деді Жасұлан Жұмашев.

Жасұлан Қыдырғожаұлы Бәйтерек ауданының басшылығы да ел тыныштығы үшін аянбай тер төгіп жатқанын айтып, аудан әкімі Марат Лұқпанұлына төтенше жағдайдың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін берілетін арнайы медаль табыстады.

Аким (2)

Жиын барысында төтенше жағдай кезінде көрсеткен қызметі үшін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық маманы Жанар Губашеваға облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғыс хаты табыс етілді.

Одан соң ҚР азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамыту мен нығайтуға қосқан үлесі үшін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Талғат Бекмұханов, №22 өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Тілеген Джигельдиев және №24 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Асқар Қалиев аудан әкімі Марат Тоқжановтың алғыс хатымен марапатталды.

Аким (1)

- Көп уақыттан бері сөз болған төтенше жағдайлар министрлігін дербес ету жөніндегі мәселенің оң шешілгені қуантады. Елдегі жағдай аталған министрліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Пандемия кезінде де төтеншеліктер өз қызметтерін адал атқарып шықты. Бұл – сала мамандарының біліктілік деңгейінің, тәжірибесінің мол екенінің көрсеткіші. Алдымызда қандай сын тұрса да, осы министрлік пен оған қарасты барлық құрылымдардың өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындайтынына сенімдімін, - деді аудан басшысы М.Тоқжанов.

Сондай-ақ аудан басшысы Төтенше жағдайлар министрінің аманатын ауданымызға жеткізген қонақтарға ризашылығын білдіріп, марапат иелерін құттықтады.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале