ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктес департаментінің директоры Расул Медетов пен ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуын сыртқы талдау мен бағалаудың республикалық арнайы тобы басшысының орынбасары Рафаэль Гасанов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік маңызы бар бірнеше нысанды аралады.
Алдымен «Медсервис» қазақ фармацевтикалық компаниясының облыстық филиалына ат басын бұрған жұмыс тобы қойманы аралап, коронавирус инфекциясы кезінде қолданылатын дәрілік препараттардың бар-жоғына көз жеткізіп, пандемияның екінші толқынына дайындығын тексерді.
- «Медсервистің» жүйелік қоймасының негізгі міндеті медициналық тауарларды алып, оны облысымыздағы түрлі медициналық мекемелерге тарату болып табылады. «СК Фармацияның» күні бүгін 47 медициналық ұйымымен 5,2 млрд теңгеге 595 келісімшарт жасалды. Соның ішінде бүгінгі таңда 4 млрд 600 млн теңге кесте бойынша игерілді. Медициналық ұйымдар дәрі-дәрмекті жеткізу үшін жылдың басында өтініш береді, сондай-ақ ай сайын өтініш беруге мүмкіндіктері бар. Дәрілік препараттардың екі айлық қоры үшін 44 түрінің 37-сі «СК Фармация» арқылы сатып алынды. Егер пандемияның шарықтау шегінде медициналық мекемелерде дәрілік қор таусылса, онда препараттар осы қоймадан алынады. Сондай-ақ қысыл-таяң жағдайда еліміздің өзге өңірінде дәрі тапшылығы қатты туындаса, бірден бағытталатын болады. Бүгінгі таңда дәрі тапшылығы жоқ, барлық стационарлардың берген өтініштері толық қанағаттандырылды. Аудандарға да дәрілік препараттар уақытында жеткізіліп отыр. Барлық келісімшарттар уақытты тиімді ұйымдастыру және дәрілердің тез жеткізілуін қамтамасыз ету үшін цифрлық форматта жасалады, - деді «СК Фармацияның» облыстық филиалының директоры Төлеген Төлемисов.
Жұмыс барысында Рафаэль Гасанов пен Расул Медресов дәрілік препараттардың қоймадағы жай-күйі мен құжаттарын тексерді.
- Біз медициналық препараттарды жеткізуші компания мен медициналық ұйымдарға дәрі тапшылығын болдырмауды тапсырдық. Яғни алдын ала өтініш беруді қамтамасыз ету керек. Егер қандай да бір бюрократиялық кедергілер орын алса, онда арнайы мониторингтік топ пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жедел шаралар қолданатын болады, - деді Рафаэль Гасанов.
Бұдан кейін мониторинг топ өкілдері қаламыздың Қонаев шағынауданының тұрғындарымен кездесіп, арыз-шағымдарын тыңдап, туындаған мәселелердің оң шешімін табуға жәрдемдесті.
Ләззат Шағатай,
zhaikpress.kz