Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдық мерейтойына байланысты аудандық 15-ші өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары марапатталды. Олардың кейбірінің еселі еңбектері ескеріліп, «Халық алғысы» мерекелік медалі мен «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі табыс етілді.
Атап айтсақ, пандемияға қарсы күрестегі қажырлы еңбегі үшін аға жүргізуші Николай Салмин мен өрт сөндіруші Сержан Юсупов «Халық алғысы» медаліне ие болды. «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен аудандық өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Нұрлан Кушанов марапатталды.
– Нұрлан Кушанов бұл салада 2008 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Сан мәрте төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысып, кәсіби біліктілігі мен жеке ерлік көрсеткенін мақтаныш етеміз. Қиын жағдай туындаған кезде тез шешім қабылдап, тактикалық тұрғыдан әрдайым шапшаңдық танытатыны әріптестеріне үлгі. Қарауылдың жеке құрамының жауынгерлік іс-қимылдарын сауатты басқарады, – дейді аудандық 15-ші өрт сөндіру бекетінің басшысы Бейбіт Қонатаров.
Атап өтсек, 2020 жылдың 17 ақпанында аудандық ауруханада өрт шыққаны жөнінде хабар түскен болатын. Оқиға орнына №15 қарауылдың кезекші тобы жетті. Бөлімше командирі Н.Кушанов жанып жатқан ғимараттың үй-жайларына барлау жүргізу үшін ГТҚҚ буынының командирі болып тағайындалды. Шақыру орнына келген бойда аталған мекенжай бойынша 15 шаршы метр алаңда екінші қабаттағы №8 палатаның төбесі мен ішінара қабырғалары ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Құтқару кезінде 36 адам эвакуацияланды. Нұрлан Оразбайұлы күрделі жағдайда кәсібилік пен жеке батылдық, қауіпті жағдайларда жұмыс істей білу және тактикалық дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті. Оның сауатты ісәрекетінің нәтижесінде адам өмірі, аудандық орталық аурухананың материалдық құндылықтары сақталып қалған болатын.
Болат Бек,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz