Өткен жұма күні аудан орталығында жаңадан бой көтерген прокуратура ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Аталған ғимарат тұрғындарға тиімді қызмет көрсетіп, олардың талап-тілегін орындауға толық мүмкіндік бермек. Халыққа құқықтық көмек көрсету – прокуратура органдарының басты мақсаты. Мемлекет дамуының барлық кезеңінде прокуратураның рөлі сөзсіз артып келеді. Басым бағыттар айқындалып, жұмыс тәсілдері жетілдірілуде. Жаһандану көшінен қалмай, прокуратура қызметі әлемнің көшбасшы елдері талабына сай жаңғыртылуда.
Прокуратура ғимаратының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының прокуроры Ж.Өмірәлиев тасқалалықтарды айтулы күнмен шынайы құттықтады. Батыс Қазақстан облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мұхтар Манкеев те жүрекжарды лебізін білдірді.
Ашылу салтанатына аудан әкімі А.Халелов, тасқала ауданының прокуроры Т.Исмаилбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Б.Тасмағанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Балыков, прокуратура саласының ардагері Ж.Қапезов, мердігер «BRAT.М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Б.Сахипкереев және де БАҚ өкілдері қатысты.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz