Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы бағытында аудан өңірінде тым-тәуір істер баршылық. Осы бағытта өңірдегі жұмыссыздықты азайту, азаматтарды мемлекет тарапынан қолдау, көмек көрсету тұрғысындағы атқарылып отырған жұмыс ырғағы жөнінде аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиевпен сұқбаттасқан едік.
- Саламат Хамидоллаұлы, ауданда жұмыссыздық өткір мәселе. Ал, оны азайтуда қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Ауданымызда өткен жылдармен салыстырып қарағанда, ағымдағы жылы жұмыссыздық деңгейі өсуде. Мұның басты себебі, елімізде орын алған «Covid-19» індетінің таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдайдың орын алуы десек, сонымен қатар, вахталық қызметтегі жұмыстан қысқарғандардың жұмыссыздар қатарына тіркелуі де өткір мәселеге айналуда. Осыған байланысты халықты жұмыссыздықтан қорғау мен оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы кеңінен жүзеге асырылуда.
- Мамандығы жоқ жұмыссыз азаматтарға бағдарлама не береді? Оқу шарттары жөнінде айтып өтсеңіз?
- Жоғарыда аталған бағдарламаның 1-бағытына қатысу үшін жұмыссыз болуы шарт. Жұмыссыз азаматтар өздері мамандық таңдап, оқуға ниет білдіреді. Оқу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін. Осы мерзімде мемлекет тарапынан ниет білдірушіге оқу ақысы, шәкіртақы, жолақы, пәтерақы және медициналық тексеріліп-қаралудан өтуге материалдық көмек төленеді. Оқып келгеннен кейін маманның жұмысқа орналасуына орталық арқылы жолдама беріледі. Мәселен, биылғы жылы 15 азамат бағдарлама арқылы оқып, оқуын аяқтады. Олардың 11-і жұмысқа орналасты.
- Ал, нақты түрде кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі?
- Бірінші кезекте, жұмыссыздарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделген. Ағымдағы жылы аудан бойынша «Бастау Бизнес» жобасына 57 адам қатыстырылды. Осы курстан өткеннен кейін ниет білдірушілерге грант немесе «Кәсіпкер», «Игілік» бағдарламалары арқылы несие беріледі.
Биылғы жылы ауданға ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 174 млн. теңге қаржы бөлінді. Ал, бүгінгі күнге дейін 50 адам 176,5 млн. теңге несие алды. Биылғы жылы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға 4 пайыздық несие беру қарастырылса, басқа санаттарға 6 пайызбен несие беріледі. Ағымдағы жылы азаматтардың несие алуға ниет білдіруі артып отыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады.
Сонымен қатар, биылғы жылы жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 200 АЕК көлемінде 96 адамға 50 227 мың теңге қайтарымсыз гранттар берілді. Соның ішінде 26-сы жастар, 40 адам аз қамтылған, 10 адам көп балалы отбасы, 2 адам еңбекке қабылетті мүгедек. Сонымен бірге, грант алғандар салық органына жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет немесе ай сайынғы бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуі тиіс. Грант алуға аз қамтылған отбасылардың ішіндегі көп балалы отбасылар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылмай қатыса алады. Алдағы қараша, желтоқсан айларында гранттар беріле бастайтын болады.
- Аталмыш бағдарлама бойынша жұмыспен қамтудың қандай жекелеген түрлері бар?
- Білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі - жастар практикасы.
Осы бағытта жасы 29-дан аспаған, оқу орнын бітіргеніне 3 жыл толмаған, мамандық бойынша еңбек өтілі жоқ жастарды жұмыспен қамту үшін жастар практикасына 71 жас маман тәжірибе жинақтауға жұмыс берушілермен келісімшарт жасалып, мекемелерге жолданды. Жұмысын аяқтаған 24 адамның 12-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Еңбекақысы айына 25 АЕК. Әлеуметтiк жұмыс орны. Халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшiн олардың жалақысын субсидиялау арқылы жұмыс орнына 42 адам жолданды. Олардың төленер еңбекақысының 65 пайызын жұмыс беруші, 35 пайызын жұмыспен қамту орталығы төлейді.
Ал, келесі сатыдағы халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскердiң алдын ала кәсiптік даярлаудан өтуiн талап етпейтiн, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшiн әлеуметтiк пайдалы бағыттағы еңбек қызметiнiң түрлерi, оның ішінде көше тазалығы, абаттандыру мен көгалдандыруға арналған ақылы қоғамдық жұмыстарға 459 адам тартылды.
Жұмысқа орналастыру бағыты туралы ағымдағы жылы жұмыс берушiдегi бос орын туралы жұмыс берушілердің мәліметтеріне сәйкес 386 адам жұмысқа орналасты. Олардың ішінде 11 адам мүмкіндігі шектеулі жан, 48-і жастар, 91 адам аз қамтылған отбасылар санатынан болатын.
Ең бастысы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы мен ауданда 6 жоба аясында жұмыспен қамту орталығы арқылы 128 адам жұмысқа орналасты.
Сұқбаттасқан Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz