Бұл жайлы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров хабарлады.
Өткен екі аптада агенттік сотқа дейінгі 80-нен астам (85) тергеуді тіркеді. Жалпы еліміз бойынша 8 лауазымды тұлға ұсталды (жыл басынан бастап 176 тұлға), 6 тұлғаға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды (жыл басынан бастап 132 тұлға).
Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы» ММ басшысы мен оның сыбайласына қатысты тергеуді бастады. Олар 2020 жылғы 12-23 қазан аралығында компания директорынан жалпы сомасы 78 000 000 теңгеге медициналық жабдықтарды (мониторларды) жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы ЖШС-пен бұрын жасалған шарттар бойынша орындалған жұмыстар мен ТМҚ қабылдау актілеріне кедергісіз қол қою үшін айтарлықтай мөлшерде пара түрінде жалпы сомасы 7 800 000 теңге алған.
Мемлекеттік мекеме басшысы және оның сыбайласы ҚР ҚПК 128-бабы тәртібінде ұсталып, Орал қ. ПБ уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
zhaikpress.kz