Батыс Қазақстан облысында коронавируспен күрес шараларына 12,1 млрд. теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның ішінде Үкімет резервінен 3 183,1 млн. теңге қарастырылды. Жергілікті қазынадан 974,1 млн. теңге бағытталды. Орал қаласында салынып жатқан модульдік аурухана құрылысына 7 225,0 млн. теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттің 707,9 млн. теңгесі жеке қорғаныс құралдарын, жанар-жағармай, медициналық жабдық және басқа шығындарға жұмсалды. Сондай-ақ демеушілер де 20,3 млн. теңге көлемінде өз үлестерін қосты.
Облыста коронавирус жұқтырғандар саны 7 мыңға жетсе, соның 6818-і жазылып шықты. 117 адам көз жұмды. Соңғы тәулікте 8 адам тіркелді. Сол секілді пневмонияға шалдыққан 117 адам емделу үстінде. Бұл дерттен 214 адам қайтты. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған ешкім жоқ. 5 адам оттегі концентраторын пайдалануда. Қазіргі таңда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 83 адам жатыр. 7 адам жансақтау бөлімінде. Оған қоса 29 адам карантиндік стационарда бақылануда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирусқа шалдыққандар арасында зейнеткерлер саны көбейіп отырғанын жазған болатынбыз.
zhaikpress.kz