6.11.2020, 19:03
Оқылды: 72

Қадыр атында көше болса...

Ақ Жайық елі Жұбаны мен Қадырын насихаттаудан ешқашан танған емес, әлі де жалғаса берері сөзсіз. Сондықтан биылғы жыл Жайық жұртшылығы үшін атап өтуге тұрарлықтай шаралардың өз деңгейінде өтуімен есте қалды. Сонау Қапшағай қаласында Жайықтың бір бөлшегіндей болып демалыс орны бой көтеріп, әдебиет сүйер жанның жанына сәуле шашардай болып қазақтың Қадыры орнықса, Оралдың қақ төрінде айбарлы ақын Жұбанның еңселі ескерткіші бой көтерді.

CC5EB9A0-5736-4181-8F85-AB477DF82DEB

Міне, осы шаралардың басы-қасында жүріп, көзіңмен көрген соң түрлі ойларға берілесің. Өзіңше саралап, елім үшін, ақының үшін тағы не істеуге болады деп ойланасың.

Көргеніміз бен ойға алғанымызды қағаз бетіне түсіру әдет болған соң тойдан соңғы қаузаған ойды жазғанды жөн көрдік. Иә, дәстүрге айналған Қадыр оқулары өз жемісін беруде. Нәтижесінде ақын өлеңін жас баладан бастап салиқалы жандарға дейін ізденіп жүріп оқитын дәрежеге жеттік. Бір емес екі бірдей ескерткіш те орнатылды. Бұйырса Бәйтерек ауданында мектепке ақын аты да берілмек екенін естіп қуанудамыз.

Қазақ айтқан «Қожанасырдың көңілі құртқа шабады, көжесінің қатығы жоқ» деген тәмсілді еске түсіре отырып, алдағы жарқын күндерден де күдер үзбейміз.  

F9D98CB7-7EEE-4274-A75D-AA321CA52270

  Уақыттың еншісінде атқарылар жұмыс жетерлік. Ал әзірше Сырым ауданы орталығында Қадыр атамызға арнап бір көшеге атын берсе де қуана құптар едік. Әзірге бірде-бір қалада ақын атындағы көше жоқ екен. Осыдан бес жыл бұрын аудан орталығындағы басты Қазақстан көшесіне ақын атын беру жөнінде ұсыныс болғанда ономастика мамандары қайтыс болған соң бес жыл толу керек деген уәж айтты. Сол бес жыл да өте шықты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, аудандағы барлық басты ғимараттар орналасқан көше Қадыр Мырза Әлінің атымен аталуы керек. Сіз бұған не дейсіз көзі қарақты оқырман?! Туған жердің азаматтары бұл ұсынысымды қолдайды деп есептеймін.

Айнагүл Ойшыбаева,

"Сырым елі" газетінің штаттан тыс тілшісі

Донеділ Қажымов, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, танымал сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Сырым ауданының «Құрметті азаматы»,  «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының атқарушы директоры. Алматы қаласы:

Елдегі болып жататын Қадыр ақынның шараларына қолдау білдіріп, өзіміз де қатысуға шама келгенше тырысып жүреміз. Еліміздегі бас қала - Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларын қоса алғанда Оралда да көшелерге ақын есімі берілетін уақыт жетті. Тіпті кейбір елді мекенге де есімін беруді ұсыныс қылып айтып жүрміз. Қадақаңның туған жері Жымпиты ақын атын ұлықтауда көш бастайтын әдетімен алғашқылардың бірі болып ауданға көше атын берсе, біз тек қуанып қолдайтын боламыз.

 Құндыз Нупов, «Катэк» фирмасының директоры, «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының құрылтайшысы. Меценат. Алматы қаласы:

Мен де Қадыр ақынның аты аталып, жақсы бір шара өтіпті десе, қуанатындардың бірімін. Елдегі жаңалықтардың бәрін қуаттап, қолдап отырамын. Жымпитыда ақын атындағы көшенің болуы заңдылық. Ақын көшесі болса тек қолдаймыз.

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале