9.11.2020, 12:01
Оқылды: 46

Теректідегі «өз аяғымен» келетін  емхана

Теректі ауданының денсаулық саласының техникалық базасы жылжымалы диагностикалық кешенмен толықты.

медмашина

Ұзындығы 17 метрлік «Yutong» автобусы базасындағы автокешенде 7 кабинет жасақталған.  Әр метрі тиімді пайдаланып, оңтайлы жинақталған кешенде қабылдау бөлімі, жалпы тәжірибе дәрігері қабылдауына арналған орыннан бастап, сандық рентген, флюорография, кардиоргамма жабдықтары да бар. Одан әрі медициналық зертхана, дәріхана, ультрадыбыстық зерттеу қондырғысы орналасқан кешенде гинекологиялық кабинетке де орын табылған. Жылыту, желдету жүйесі тәуелсіз жұмыс жасайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін  арбамен көтеру де қаралған.

- Автокешен керек-жарақпен толық жабдықталған. Кабинеттер замануи сандық жабдықтармен жасақталған: компьютер, отоскоп, офтальмоскоп, биохимиялық  және  гематологиялық  анализатор, коагулограф, лейкоцит есептегіші, ЭКГ, УЗИ, глюкометр, қан сараптамасына арналған тоңазытқышқа дейін бар. Әсіресе, біз үшін өте қажетті  флюорография, рентген қондырғыларының болғанына қуанып отырмыз. Енді алыс ауылдағы теректіліктерге барып, скрининг өткізуге мүмкіндік бар. Тек, бір «әттеген-айы» – автокөліктің бауыры төмен екен. Біздің далалық жолда жүре алмайды, шағын ауылдарға кіре алмаймыз  ба дейміз. Одан шығу жолын да ойластырып отырмыз. Тас жол бойына тоқтап, шағын ауыл адамдарын жолға бейімді көлікпен тасымалдауға болады, - дейді аудандық аурухананың директоры Зейіл Мағзомов.

Бастысы – толық жабдықталған кешен бізге бұйырды. Ауыл адамына сапалы медициналық көмек көрсетуді ойлаған Үкімет емхананы дөңгелекке мінгізді. «Магомедке тау келмейді, оның өзі бармаса» деген сөзді жоққа шығарған Үкімет дәрігерге бармай, ауруы асқынғанша жүретін ауыл адамына емхананың өзі баруына да жағдай жасады. Тек, сол жылжымалы диагностикалық кешенді «арқандап» қоймай, халық игілігіне пайдалансақ.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале