ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бөлінген қаражатты игере алмай жатқан министрліктер мен өңірлерді атады.
«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 98%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 11 трлн. 284 млрд. теңгені құрады. 32 млрд. теңге бойынша жұмыс атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 8 млрд. теңге болса, игерілмегені – 24 млрд. теңге», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша ірі сомадағы қаражатты игере алмау мынадай орталық мемлекеттік органдарда қалыптасқан: Қаржы министрлігі – 2 млрд. теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 1,9 млрд. теңге, Әділет министрлігі – 1,6 млрд. теңге, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 1,2 млрд. теңге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 1,1 млрд. теңге.
«Қаражаттың игерілмеуінің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, сотта мемлекеттің мүддесін қорғау жөніндегі талап-арыз жұмыстарының жүргізілуі, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеудің созылуы», - деді ол. Сондай-ақ Жамаубаев өңірлерде де тағы 24 млрд. теңге игерілмей жатқанын мәлім етті. Қаражатты игермеудің ең жоғары көрсеткіші мына өңірлерде қалыптасқан: Ақтөбе облысында – 3,2 млрд. теңге, Алматы қаласында – 3 млрд. теңге, Солтүстік Қазақстан – 2,5 млрд. теңге, Батыс Қазақстан – 2,3 млрд. теңге, Түркістан облыстарында – 1,9 млрд. теңге. «Қаржы жылының аяқталуына дейін аз уақыт қалды. Осыған орай орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жоспарланған қаражатты ғана емес, сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруді жеделдетуі қажет екенін еске саламын», - деді ол.
zhaikpress.kz