10 қараша күні облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың төрағалығымен өткен жиында алдағы сайлауға қатысатын алты партия өкілдеріне сайлау тәртібі мен талаптары түсіндірілді.
Еліміздегі саяси партиялар («Нұр Отан», «Бірлік», «Ауыл», «Ақ жол», Қазақстанның коммунистік халық партиясы, ЖСДП) 10 қарашадан 4 желтоқсанға дейін сайлауға қатысатын үміткерлерінің тізімін ұсынбақ. Одан әрі сайлау комиссиялары 10 желтоқсанға дейін үміткерлерді тіркеумен шұғылданады. Содан соң үгіт-насихат жұмыстары жүрмек. «Күні бүгін сайлау өтетін барлық округтер белгіленді. Газетте жарияланды. Енді қалалық, аудандық әкімдіктер сайлаушылардың тізімдерін жасақтауда. Сондықтан әр азамат өз учаскесі бойынша тізімде бар-жоғын тексеруіне болады. Биылғы сайлаудың бір ерекшелігі – сайлаушылар тек қана партияларға дауыс береді. Бұрын сайлаушы тізімде болмаса қосымша тізім жасалатын еді, енді оған жол берілмейді, - деді Ғ.Қапақов.
Тоқтар Ғабдірешұлы,
zhaikpress.kz