Алдымызда тұрған міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған осы міндет күре жолдың бойында жатқан Теректі ауданы үшін серпіліс берері анық.
Ауданның тыныс-тіршілігінде, жан-жақты экономикалық дамуында әрісі Ресей Федерациясымен байланыстыратын халықаралық, берісі республикалық маңызы бар тас жолды бойлай жатқаны өз пайдасын тигізіп тұр.
Мемлекет басшысының Жолдауындағы «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді» деген сөздерден көлік қатынасы үшін жол жағдайы жақсарғанын аңғаруға болады.
Оны өз ауданымыз көрінісінен де байқаймыз. Мысалы, биыл Теректі ауданының Новопавлов ауылына апаратын 15 километрлік жол жөндеуден өтті. Қысқы боран, көктемгі лайсаңда жол азабын тартып, көз көрер жерге жете алмай жүрген новопавловтықтар қазір тақтайдай жолдың рахатын көруде. Өткен жылы осындай жақсылық Ақсуат ауылына келген еді. Ендігі кезекте - Магистральный және Юбилейный ауылдарына кірер жол.
Автокөлікке арналған, жолаушы-жүк тасымалы жолы өз алдына, ауылішілік жолдар да жөнделіп жатыр.
«Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасы аясында ұзындығы 5,5 км 5 жол – Федоров ауылындағы Рабочая, Молодежная көшелері, Подстепный ауылындағы №17 және №48 және Ақжайық ауылындағы Ақжайық көшесі күрделі жөндеу көрді. Ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыратын бұл жобаларды іске асыруға барлығы 661 млн. теңге бөлінген екен.
Жол жөндеу осымен аяқталмайды. Алдағы жоспар мықты. Қазір 18 кіреберіс және ауылішілік жолдарды жөндеу жобасы жүріп жатыр. Жоба нәтижесінде Әйтиев, Тоқпай, Покатилов және Ұзынкөл ауылдарына кірер жолдар жөнделеді. Ал, Подстепный, Федоров, Аңқаты, Шағатай ауылдарында ауылішілік жолдар жөндеуге жатады.
Біз үшін Жолдауда айтылған «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму» бағытының тағы бір жағымды жағы - республикалық маңызды жол жөнделіп, жол бойындағы қызмет көрсету қалыптасса, ауданда кәсіпкерлік қарқын алары сөзсіз. Жол бойында дәмхана, қону орындарын, көлік жөндеу шеберханалары салынып, іске қосылса, жұмыс орыны да, табыс көзі де ашылары сөзсіз.
Ендеше, жол жөндеуден жақсылық күтеміз!
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz