Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шектесетін «Тасқала», «Сырым», «Жәнібек» және «Ақсай» автоөткелдерінен 1 қазан мен 12 қараша аралығында 24 477 адам шекарадан өтті.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның ішінде тестіден өткені жөнінде анықтамасы жоқ 932 адам екі күндік карантинге жатқызылды. Олардан сынама алынған кезде 22 адамнан коронавирус табылды. Жалпы, өңірде ковид жұқтырғандар саны 7 352-ге жетсе, соның 6 922-сі жазылып шықты. 128 адам көз жұмды. Пневмонияға шалдыққан 101 адам стационарда болса, 45-і амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Жыл басынан бері пневмониядан 223 адам қайтты. Күні бүгін жұқпалы аурулар стационарларында 124 адам емделуде. 24 адам карантиндік стационарда жатыр. 8 адам жансақтау бөлімінде. Батыс Қазақстан облысында індетке қарсы күреске қажетті қосымша медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен барлығы 138 құрал-жабдық алынбақшы. Соның ішінде 15 өкпені жасанды желдету аппараты бірер күнде жеткізіледі. Осы айда 7 цифрлы рентген аппаратын алу үшін «Актюбрентген» АҚ-мен келісім жасалған. Бұған дейін екі оттегі стансасы облыстық және Орал қалалық көпбейінді ауруханаларға орнатылса, тағы біреуін осы айдың аяғында Бөрлі аудандық ауруханасына қою көзделуде. 52 перфузор осыған дейін әкелінсе, тағы 9-ы 15 қарашаға дейін жеткізіледі. Аудандық ауруханалар үшін 9 жылжымалы медицина кешені сатып алынды. Сондай-ақ Орал қаласында құны 7,2 млрд. теңге тұратын модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатқаны белгілі. Оны осы айдың аяғында пайдалануға беру көзделуде. Облыста қазіргі таңда 173 ӨЖЖ аппараты, 506 оттегі концентраторы, 10 компьютер томографы, 47 рентген аппараты, 775 оксиметр, 198 оттегі көзі, 172 Бобров аппараты бар. Еске сала кетейік, БҚО-да оқушыдан коронавирус анықталған мектеп карантинге жабылды.
zhaikpress.kz