13.11.2020, 10:00
Оқылды: 260

Өз брендін қалыптастырған қазақ мектебі

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп текке айтылмаса керек. Кемедей асау толқындарды бағындырып, аты республика көлемінде шығып жүрген қазақ мектебіне асығып жеттік.

 Өз брэндін қалыптастырған қазақ мектебі (1)

«Бұл мектеп – «Мемлекеттік – жекеменшік әріптестің тетігін пайдалану арқылы 100 мектеп пен 100 аурухана салу» жобасы аясында салынған алғашқы мектеп». Мектептің кіре берісіндегі оң жақ қабырғада осылай деп жазылған.  Мектептің төлқұжатына да назар аудардық. Атауы: №3 орта жалпы білім беретін қазақ мектебі. 2007 жылы құрылған, сол кезден бері жұмыс жасап келеді. Жалпы оқушылардың саны – 805. Білім ошағында 108 мұғалім жұмыс істейді. Оның 16-ы – зерттеуші болса, 26-ы – сарапшы, ал модераторлардың жалпы саны – 20-ға жеткен. Мектептің іші кең әрі жарық. Санитарлық нормаларға сай. Карантин режимі толықтай сақталған. Мұғалімдерге де, оқушыларға да барлық жағдай жасалынған. Әр сыныптың кабинеттеріне баратын бағыты арнайы белгілермен көрсетілген. Мектептің іші мен сыртына бейнебақылау камералары орнатылған.

– Біздің мектебімізде жылдан-жылға шығармашылық тұрғыда жұмыс жасайтын мұғалімдердің саны көбейіп келеді. Оқытудың әртүрлі әдістерін меңгерген мұғалімдеріміз мол. Ұжымымыз жас болғандықтан шығар, жаңа мазмұнды білім беруді тез түсініп кеттік. Соның арқасында біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Оқушылармен жекелей жұмыстанғандықтан марапаттың түр-түрі бірінен соң бірі келіп жатыр. Балалармен жұмыстанғанда мынадай қағидамен жұмыс істейміз. Біздің мектепте қанша бала оқыса, бізде сонша жұлдыз бар! Біздің мектебіміздің оқушыларының әрқайсысы жұлдыз. Неге, олай деп отырмын. Озат оқитын, екпіндімен оқитын оқушылар бар. Сонымен қатар орташа оқитын балалар бар. Бірақ, орташа оқитын балалардың өзінің бір ерекшеліктері бар. Біреуі әнді жақсы салады, біреуі домбыраны жақсы тартады, біреуі спортқа бейім. Оның бәрін былай қойғанда, көбінің адамгершілігі жақсы. Үлкенді сыйлайды, кішіге қамқор болады. Ондай балаларды да біз ерекше оқушы деп санаймыз. Сол себепті де шығар, біздің мектептің үнемі алдыңғы қатардан көрінуі, - дейді мектеп директоры Әлихан Досмұхамбетов.

Дұрыс айтады, әр баланың ерекше қыры болады, оны ашатын, әрине мұғалімдер екені даусыз.

Жетістігі мол мектеп

 №3 орта жалпы білім беретін қазақ мектебінің бағындырған белесі, жеткен жетістіктері мол деп нық сеніммен айта аламыз. Мектеп директорының қабылдауында болғанымызда жарға ілінген марапаттарға қарап риза болдық. 2018 жылы «Үркер» зияткерлік орталығы жас өркеннің бойына білімге құштарлық нәрін себе білгені үшін мектеп ұжымына алғыс білдірген екен. Алматы қаласында 2019 жылы өткен ІІІ республикалық «Үздік жас маман» байқауынан «Үздік ұжым» номинациясын жеңіп алған мектеп бұнымен тоқтап қалмаған. Халықаралық «Be Clever» дамыту орталығының «Педагогикалық бастама» атты ІІ Халықаралық педагогикалық байқауынан «Үздік мектеп» номинациясының І орынын қанжығаларына байлапты. Одан бөлек республикалық, облыстық түрлі байқаулардан жүлделі орындар алып жүргенін жаңақалалықтар жақсы біледі. Біз тек ең басты деген жетістіктеріне тоқталуды жөн көрдік.

Мұғалімдері – білімді, оқушылары – талантты

 – 2016 жылы осы мектепке жұмысқа келдім. Ол шілде айы болатын. «Биология кабинетінің зертханашысы» деген штатқа кірдім. 2018 жылдан бастап сағат алып, сынып алып, пән мұғалімі ретінде қызмет жасап жатқан жайым бар. Жыл сайын «Туған өлкемді зерттеймін» атты ғылыми-жоба түріндегі конференция өтеді. Оның мақсаты – оқушыларды ғылыми жобаларға баулу. Сол жарысқа тұрақты түрде қатысып келеміз. Әріптесім Ботагөз Насиболла екеуміз бірігіп, оқушыларды дайындадық. Шүкір, нәтиже жаман емес. Оқушыларымыз жүлделі орындардан көрінді. Қазіргі кезде сайыстарға қашықтан қатысып жатырмыз. Ұжым өте жақсы, ауызбіршілігі мол. Кері таңдау болса, ойланбастан осы мектепті таңдар едім, - дейді биология пәнінің мұғалімі Қ.Ахмеджанқызы. Иә, бұл мектептің оқушылары шынымен де талантты. Бір ғана Еркебұлан Ғұмар есімді баланың ән байқауларында облыстық кезеңді былай қойғанда, республикалық, халықаралық конкурстардан топ жарып жүргенін көріп те, естіп те жүрміз. Мектеп оқушысы Айымгүл Саматқызы да болашағынан зор үміт күттіреді.

Өз брэндін қалыптастырған қазақ мектебі (2)

Спорт – басты назарда

Мақаламызға арқау қылып отырған мектеп мұғалімдері және оқушылары спортпен де жақсы айналысады. Бір сөзбен айтқанда, спортпен тығыз қарым-қатынаста. Аудан спортына үлес қосқан, 30 жыл ұстаздық қызмет атқарған Асылбек Давлетқалиевті еске алуға арналған волейболдан ерлер арасында аудандық ашық турнирде ІІ орын алса, ҚР Тұңғыш Президент күніне арналған шағын футболдан аудан чемпионы атанған. ҚР Тәуелсіздік күніне орай өткізілген «Тәуелсіздік тұғырым» атты туризм үйірме жетекшілері мен оқушылар арасындағы жарыстан жүлделі І орынды жеңіп алса, 7, 8-сынып оқушылары шағын футболдан қарсылас шақ келтірмеген. Бұл жетістікті 9-10 сынып оқушылары да қайталап, аудандық шағын футбол жарысынан алтыннан алқа тағынған. Футзалдан 7, 8-сынып оқушылары арасында өткен «Мектеп лигасы» жарысының облыстық кезеңінде ІІ орынға жайғасса, 9, 10- сыныптың оқушылары осы лиганың облыстық кезеңінде қолаға қол жеткізген.

Өз брэндін қалыптастырған қазақ мектебі (1)

Кітапханасы – адам  қызығарлықтай

Өз басым қандай мектепке барсам да, ең бірінші салып отырып кітапханасына кіремін. Бұл жолы да екінші қабатта орналасқан кітапханаға арнайы бардым. Кітапханашы Лаура Байжұмашева бізді жылы шыраймен қарсы алды. Абай атамыз бен Жұбан атамыздың үлкен форматтағы суреттері де кітапхананың шырайын ашып тұрғандай әсер қалдырды. Кітап сөресінің үстінде кітаптардан жазылған «Оқы» деген жазуға қарап сүйсіндік. Мектеп кітапханасының қазынасына қайран қалып, бас шайқадық. Кітап қоры – 26 мыңнан асып жығылады екен. Оның – 18 мың 284-і мектеп оқулықтары. 1723 – көркем әдебиет бар. Оқырман мәдениетін қалыптастыру, библиографиалық сауаттылықты күшейту, оқырман қажеттілігін анықтау және ақпараттық материалдармен толықтай қамтамасыз ету деген бағыттар бойынша жұмыстанып келе жатқан мектеп кітапханасының жұмысына да көңіліміз толды. Кітапханашы Л.Байжұмашева «Жыр тудырған Жұбан» атты байқаудың аудандық кезеңінде үздік шықса, облыстық кезеңде де жақсы өнер көрсетіпті.

Түйін: Сөзіміздің басын «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп бастап едік, соңын да кемеге қатысты мақалмен аяқтағымыз келіп отыр. «Кемедегенің жаны бір» дейді атам қазақ. Бір кеменің ішінде бірігіп, білім айдынында талмай жүзіп келе жатқан №3 орта жалпы білім беретін қазақ мектебінің ұжымына тек қана сәттілік пен табыс тілейміз. Мектеп директоры әңгіме барысында: «Мектептің атауында қазақ деген сөз бар. Ол біз үшін ұтымды болып көрінді. Соған сай жұмыстандық, қазір барлығы қазақ мектебі деген брэндті біледі» деген болатын. Өз брендін қалыптастырып үлгерген мектептің жетер жетістігі мен шығар биігі әлі алда деп ойлаймыз.

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале