17.11.2020, 20:56
Оқылды: 46

Оралда 360 адам індет жұқтырды

Қараша айы басталғалы коронавирус індетіне шалдыққандар саны қазан айымен салыстырғанда 67 пайызға артқан. Індет жұқтырғандардың дені Орал қаласында тіркелсе, Бәйтерек, Бөрлі, Шыңғырлау, Жәнібек аудандарында да науқастар саны арта бастаған. Облыс шекарасынан кез келген шетел азаматы КВИ бойынша сараптама қорытындысымен ғана өте алады. ПЦР талдамалары болмаған жағдайда көршілес мемлекеттің азаматтары шекарадан облыс аумағына кіргізілмейді. Өйткені облысымызбен көршілес орналасқан Ресейдің бес облысында орта есеппен күніне 200 науқастан тіркелуде екен. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен өткен облыстық штаб отырысында айтылды.

ACE588AC-33F7-46DB-9E0F-4C7DC91DE65F

-Облыс бойынша COVID-19 инфекциясының 7527 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 3687-сі ауру белгілері бар, ауру белгілерінсіз 3840 науқас. Осы кезге дейін індеттен 6961 адам сауығып, өкінішке орай 128 адам қайтыс болды. 1-16 қараша аралығында анықталған 503 жағдайдың басым бөлігі, яғни 360 оқиғасы Орал қаласында тіркеліп отыр. Бәйтерек ауданында – 63 жағдай, Бөрліде– 32, Теректіде – 12, Шыңғырлауда – 10, Жәнібекте – 8, Қазталовта – 7, Жаңақалада – 6, Сырымда – 4, Қаратөбеде – 3, Бөкей ордасы және Ақжайық аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелді. Аталған жағдайлар жақын қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде 223 адамда, ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген 136 адамда, стационарларға емдеуге жатқызу алдында эпидемиологиялық қадағалау мақсатында сынама алынған 99 адамда және профилактикалық мақсатта тексерілген 45 адамда анықталды. 1 қарашадан 16 қарашаға дейін облысымызда мемлекеттік шекарадан 12047 адам өтті, оның 2267-сі – жолаушы. 224 жолаушының COVID-19-ға тексерілгені туралы анықтамасы болмаған. Олар үш тәулікке карантиндік стационарға орналастырылып, ПТР әдісімен COVID-19 тесті алынды, нәтижесінде төртеуінде тест қорытындысы оң нәтиже көрсетті. БҚО арқылы өткен 2 жақты қатынаста халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізушілер саны – 4022, оның ішінде 2178 жүргізушінің анықтамалары болды. Ал 1844 жүргізушіде анықтама жоқ болуы себепті олардан ПТР әдісімен COVID-19 тест алынып, қорытындысында тест 17 адамда оң нәтиже көрсетті. Қараша айы бойынша зерттегенде індетке шалдыққандардың дені жұмыс жасап, еңбек етіп жүргендер. Содан соң зейнет жасындағылар, одан кейін жұмыссыз санатындағылар мен балалар. Соған орай санитарлық посттардағы жағдайды күшейтіп жатырмыз. Індетке шалдыққандар және олармен қарым-қатынаста болғандар тұрғылықты жерінен сапарлап шығып кетіп жатады. Кейбіреуін санитарлық посттағы полициялар олардың жеке куәлігі арқылы базадан анықтап жатыр. Сенбі-жексенбі күндері тұрғындар базар, сауда үйлерін аралап кететіндіктен базарларды жаптық,- деді облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Өз кезегінде облыс әкімі санитарлық постқа медицина қызметкерлерінің қажеттілігін, термометрияның тиімділігін сұрап, мониторингтік топтың атқарған жұмыстары туралы есеп алды. Сондай-ақ облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға байланысты бірқатар сала басшыларына тапсырмалар беріп, жағдайды жіті бақылауда ұстайтынын жеткізді.  

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале