Сөз басы
«Алтын бесік» айдарына көлемді мақала жазу үшін жолға шықтық. Бағытымыз – Пятимар ауылы. Таңғы ауаны мейірлене жұтып, пейілі кең, құшағы ашық ауылға аттанып кеттік. Біз келген ауылдың атағы мен абыройы көпке мәлім. Пятимар десе бәрінің есіне жылқы зауыты мен қой кеңшары түсері сөзсіз. Пятимар ауылының құрылған уақыты – 1931 жыл екен. Бұл туралы аудан тарихына қатысты кітаптарды парақтағанда білдік. Аймақ – аудан орталығының солтүстік-шығысында орналасқан. Ауыл негізінен Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінде жайғасқан. Жері сортаңды бозғылт қоңыр, сұр топырақты болып келеді. Қазіргі таңда бұл ауылда 1758 тұрғын берекелі ғұмыр кешіп отыр.

Пятимарь жылқы зауыты және қой шаруашылығы
1925 жылы Көшім өзенінің суын тұрақтандыру бағытында салынған бөгет құрылысы салынды. Бұл құрылыс қоныстың тұрақты мекенге айналуына негіз болды. Осылайша, бөгеттің жанынан түрлі құрылыс жұмыстары жүріп, ғимараттар бой көтеріп, алғашында артельдер, кейін колхоз құрылысы және жылқы зуаыты шаруашылықтарының іргетасы қаланды. Ұлы Отан соғысы жылдарында «№51 Пятимар» жылқы зауыты деген аты алты алашқа мәлім болды. Ауылда негізінен жылқы, қосымша қой және сиыр малдары өсірілді. 1954 жылы құтты мекенге солтүстік Кавказдан биязы жүнді 4 мың саулық пен қошқар әкелінген. Сол жылы «Пятимар қой шаруашылығы кең шары» деген атау берілді.

Ауыл әкімі не дейді?
Осыдан бір жыл бұрын Пятимар ауылына жас әкім тағайындалған болатын. Бір жыл көлемінде атқарылған істер де аз емес. Оған аудан айнасына шыққан ақпараттар дәлел, халық – куә. Ауыл туралы кеңірек білейік деген ниетпен жас әкімнің қабылдауында болдық. Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайрелов бізге мына нәрселерді айтты.
- Пятимар ауылы 1931 жылы құрылған, көп жылғы ғалымдармен еңбек адамдарының арқасында Пятимар ауылында 1976 жылы «Көшім жылқысы» тұқымы, жеке тұқым ретінде қабылданған.
2020 жылы әлемге үлкен індет келіп, көп халық қиындық ұшырады. Сол сәтте ауыл азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңінен қол» шығарып, халыққа қолдау көрсетуді жөн санады. Айта кететін болсақ, ауыз азаматтары 60-қа жуық отбасыға «Біз біргеміз» акциясы аясында бір айлық азық-түлікпен Ғабдуллин көшесі және 1979, 1980, 1981, 1982, 1983, 1984, 1985, 1986, 1988, 1990, 1995, 1997, 1998 жылғы ауылдастарымыз көмек көрсетті. 1991 жығы жігіттер ауылды көркейту үшін 100 түп ағаш әкеліп отырғызса, 1994 жылғы жігіттер ауыл мешітіне жаңадан есік қондырды. Ал 1996 жылғы жігіттер ауыл мешітіне азан шақыратын дыбыс ұлғайтқыш әкеліп орнатты. Нәзік жандыларымыз медициналық бет перде тігіп ауыл халқына таратты.

Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында ауылымызда 7 жоба жүзеге асты. Айта кететін болсам 1980 жылғы түлектер – ауыл бүлдіршіндерінің арманына айналған балалар ойын алаңқайын сыйға тартты. Бұйырса ауылымыздың бүлдіршіндері тәтті балалық шақтарын осы алаңда өткізетін болады.
Бұл жобаның жалпы құны: 500 мың теңге. 1990 жылғы түлектер - Пятимар ауылының 60 жылдығына орай салынған музей ғимараты совет үкіметі тараған соң жеке адамның қолына өтіп өз кейпін бұзған еді. 2007 жылдан бастап мемлекет меншігіне өтіп Пятимар ауылдық мешіті статусына ие болды. Мешіттің тозығы жеткен төбесін 30 жылдық мектеп түлектері заманға сай етіп жаңартып халық иелігіне беруді. (Жоба құны: 500 мың теңге) 1995 жылғы түлектер- «Азалы Ана» ескерткішіндегі «Аққан жұлдыз» мұнарасын қайта орнатты. Азалы ана ескерткіші 1980 жылы салынған уақытта «Аққан жұлдыз» мұнарасы бірге тұрғызылған. 1997 жылы қатты желдің кеселінен мұнара құлаған болатын, арада 23 жыл уақыт өткенде 25 жылдық мектеп түлектері мұнараны жаңадан тұрғызды. Мұнара ауылымызға және ескерткішке сән беріп тұр. (Жоба құны: 350 мың теңге).

2000 жылғы түлектер - ауыл палуандарына арнап күрес кілемін сыйға тартты. Ауылымызда еркін күрес дамуына байланысты 20 жылдық мектеп түлектері жас палуандардың белін буып, қолдау көрсетті. (Жоба құны: 450 мың теңге)
2005 жылғы түлектер-Ауыл мешітінің терезелерін жаңа терезе (пластик) 15 жылдық мектеп түлектері ауысытырып берді. Жоба құны: 350.000теңге, 2010 жылғы мектеп түлектері - жазғы сахна жасады, жазда өнерпаздарымыз мерекелік кеш ұйымдастыратын жер таба алмай сенделуші еді, ендігі жерде 10 жылдық мектеп түлектерінің тартқан силығында мерекелік кештерімізді тойлайтын боламыз. (бұл сахнаның қажетті құралдары келіп тұр тек тұрғызатын) (Жоба құны 500 мың теңге)
Ералы Удреев ағамыздың ұрпақтары, ауыл мешітіне көгілдір отынын кіргізді. Ералы ағамыз Жаңақала өңірінде дүниеге келіп содан соң Сырым еліне қоныс аударған екен, ол кісінің көзі тірісіндегі арманы, туған ауылына игі іс жасау болды деседі, марқұм ағамыздың балалары Пятимар ауылындағы игі істерді байқап, әке арманын орындайық деп едік деп хабарласып, осы мешітке көгілдір отынын кіргізіп берді. (Жоба құны 300 мың теңге) Биыл осы істер жүзеге асқан соң, келер жылғы юбелейлік мектеп түлектері хабарласып, біз қандай жоба жүзеге асырайық деп хабарласуда.
Ауылымыздағы бетке ұстар жігіттер, бізге ауылға қатқыл табанды жол салуға үкімет көмектессе, қалғанын өзіміз көркейтеміз деп айтқандарыда, ел үшін жаны ашитын азаматтардың бар екендігінің дәлелі. Бұл істерге мемлекеттен ешқандай қаражат кетпей, халықтың өзі жүзе асырғандары. Ауыл азаматтарының ішінде ауылға қашанда қолдау көрсетуге дайын тұратын Арай Исатаев, Аманжол Сухашев, Бекжан Какенов, Бекжан Қаратаев, Рустамбек Каратаев, Нұрлан Қарағойшиев, Мейрамбек Шакетов, Ерген Ибрашев, Ринат Жанекешев, Төлепов Жақсылық, Рустам Имашев сынды жігіттердің есімдерін ерекше атағанды жөн көрдім.
Мемлекеттік бюджет арқылы биыл ауылымызда тұңғыш рет "Жасыл ел" бағдарламасы жүзеге асып 6 студент маусымдық жұмыс жасады. Пятимар жалпы орта білім беретін мектебі толық жөнделді, ауылда жұмыс орындары ашылды.
Келер жылы туған ауылыма 90 жыл толады, қазіргі таңда жоспар құрудамыз, - дейді жас та болса бас болып жүрген іскер әкім Жақсылық Жұманұлы. Иә, Жақсылық Хайреловтің айтқандарының бәрі рас. Қиын кезде жұдырықтай жұмылатын Пятимар ауылының азаматтарының ауызбіршілікеріне талай мәрте куә болып, риза болғанбыз. «Елін ессіз сүйгеннен көзсіз батыр шығады» деген қазақтың Қадырының тамаша сөзі бар емес пе? Елін сүйетін азаматтар қашанда көп болғаны жақсы, санының көбейгені одан да жақсы. «Ең алдымен ел қамы» деген қағиданы берік ұстанатын Жақсылық Жұманұлының жасап жатқан идеялары, ауыл жастарын біріктіруі, түрлі жобаларды жүзеге асыруы да туған ауылына деген шексіз патриоттық сезімнен туған болар деп топшылаймыз.
Түйін: Қазақтың түп тамыры, негізі – ауылда. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ақын Сағынтай Бисенғалиев ағамен әңгімелескенде: «Ауылдан ажырамау керек, қазақ қазақтығынан айрылып қалмауы үшін ауылды гүлдендіруге сеп болуымыз қажет» деген болатын. Мемлекет басшысынан бастап ауылға ден қойып, мән беруде. Елімізде ауыл халқының жағдайын жақсартуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асып, қазіргі ауыл адамдары қаланың қазағынан еш кем өмір сүрмейді десем шындықтан алыс кетпейміз. Сондай ауылдардың қатарында мақаламызға арқау етіп отырған Пятимар ауылы да бар. Пятимарлықтардың үйлерінде газ бен су кіріп тұр, ғаламтордың жылдамдығы ұшып тұр, жақында ғана жөндеуден өткен атына заты сай зәулім мектебі де сонадайдан менмұндалап көз тартады. Алаңсыз білім алған оқушылар мен ойын балаларын көріп көзің тояды. Бұл да болса тәуелсіздіктің арқасы, Тәңірінің сыйы. Барымызды бағалай білейік... Алла тағала тәуелсіздігімізді ахирет күніне дейін баянды еткей!
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы,
zhaikpress.kz