21.11.2020, 0:51
Оқылды: 41

БҚО-да коронавирусты емдеуге қажетті құрал-жабдық жеткілікті

Батыс Қазақстан облысында коронавирусты емдеуге қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім еткеніндей, қазіргі таңда медицина ұйымдарында 185 өкпені жасанды желдету аппараты, 645 оттегі концентраторы, 1 063 оксиметр, 425 Бобров аппараты бар.

BE26272C-CA15-4795-B515-DB9A079EFEAC

Қазіргі таңда жалпы трансферттер және жергілікті бюджет есебінен 15 өкпені жасанды желдету аппараты, 49 инфузомат, 47 пациент мониторы, 7 цифрлы рентген аппараты, басқа да керекті құрал-жабдық әкелінді. Медицина мекемелерінде жеке қорғаныс құралдарының 1,5 айға жететін қоры бар. Оның сөзіне қарағанда, облыс болуы ықтимал коронавирустың екінші толқынына дайын. Ресеймен шекарадағы Тасқала, Жәнібек, Ақсай және Сырым санитарлық бекеттерінің жанынан ашылған 185 орынды төрт карантин стационарында күні бүгін 27 адам жатыр. Қосымша резерв есебінен Бөкей ордасы ауданында 16 төсекті жұқпалы аурулар орны ашылды. Қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық көпбейінді аурухана және Бөрлі, Ақжайық, Жәнібек, Бәйтерек және Бөкей ордасы аудандық ауруханалары базасында 349 төсек-орын жеті жұқпалы аурулар стационарында 129 адам емделуде. Соның ішінде 8 адам жансақтау бөлімінде. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған адам жоқ. Басқарма басшысының орынбасары ҚазАқпарат тілшісінің «Дәрігер маман ретінде Кавасаки тәрізді синдром жөнінде не айтар едіңіз?» деген сауалына да жауап берді. «Кавасаки тәрізді синдром – коронавируспен ауырған балаларда болатын асқынудың бірі. Үш-төрт аптадан кейін бұл дерттің белгісі пайда болуы мүмкін. Яғни 3-5 күннің ішінде баланың 40 градусқа дейін қызуы көтеріліп, бөртпе, конъюктивит, асқазан мен ішек жолдарының зақымдануы, сұйық нәжіс, құсу симптомдары кездеседі. Осындай белгілер пайда бола қалған жағдайда облыстық балалар ауруханасында ем алады. Аталған ауруханада құрамына инфекционист, кардиолог, реаниматолог, педиатр кіретін арнайы топ құрылды. Бұл дертті де емдеуге қажетті дәрі-дәрмек бар. Өңірде Кавасаки тәрізді синдромға шалдыққан бала тіркелген жоқ», - деді Г.Әбдірахманова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қараша айында 80-ге жуық нысанның санитарлық талапты бұзғанын жазған болатынбыз.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале