Алыстан қызара бөртіп, шаңға ұқсайтын түсініксіз нәрсе қыстақтар мен ауылдарға жақындап келеді. Әрбірден соң аспанға будақтап шыққан түтін көкжиекті қара түнекке айналдырды. «Бұл не болды?» деп түсінбеген ауыл адамдары көп кешікпей дала өртінің күшейгенін сезді. Дереу қолындағы барымен атқа қонған ауыл тұрғындары өрт сөндіруге аттанды. Ол өрттің неден пайда болғандығында ешкімнің шаруасы жоқ. Тек күшейіп кетпей тұрғанда сөндірсе болғаны. Бұл жаздың аптап ыстығы мен аңызақ желде болған жағдайлар. Сондай дала өртінің бірі Тасқала ауданы Амангелді ауылына қарасты «Қалке» қыстағында орын алған еді.
– «Көлік» шаруа қожалығы 1997 жылдан бастап өз жұмысын жалғастырып келеді. Қыстаққа 2004 жылы Атамекен ауылынан көшіп келген едім. Кішкентай күнімнен бері малдың басы-қасындамын. 1979 жылдан бастап шаруашылықтың қыр-сырына қанықтық. Кейін өз алдыма мал алып, бөлек шықтым. Ірі қара мен жылқы бағудамын. Бұл қыстақтың атауы «Қалке» деп аталады. Осы жердегі өзен де солай аталады. Биыл адамды дүрліктіретіндей дала өрті болды. Үйдің маңына жақындап келіп, басылды-ау, әйтеуір. Елдің, жалпы ауылдастардың арқасында сөндіріп алдық. Оларға алғысым шексіз. Биыл өздеріңіз білетіндей қуаңшылық сезілді. Дала өрті де желмен жетіп келгенде, басында не істерге білмей қалдық. Екі күн өрт болды. Үйдің алдына келген кезде, шаруамыз біткен шығар дедік. Үш мыңға жуық рулонымыз өртеніп кетті. Қысқа мал азығын енді жинап болдық па дегенімізде осындай жағдай болды. Жақында өртенген шөптің орнын толтыру үшін қайтадан шауып алдық. Бұрын өзімізге тиесілі жерді түгелдей айналдырып жыртпаушы едік. Енді шекемізге тиді. Алдағы жылы орын алған олқылықтың алдын алатын боламыз. Өзімізден де бар. Кезінде пішенді алысқа үйетінбіз. Қазір өз үйіміздің қасына үйіп алатын болдық. Ол дұрыс емес екендігін білсек те, солай болып тұр енді, - деп ағынан жарылды «Көлік» шаруа қожалығының иесі Мұхсин Мақауов.
Мамандар дұрыс айтады
Шаруа иесінің айтып отырған сөзіне құлақ түрсек, жалпы қыстақтарда өрт қауіпсіздігі мүлдем сақталмайды екен. Оны өзі де мойындап отыр. Бұл мәселе тек «Көлік» шаруа қожалығының емес, жалпы аудан бойынша қыстақтарда шаруасын жүргізіп отырған барлық кәсіпкерге де қатысты. Дала өрті орын алған кезде қандай қауіпсіздік шаралары жүргізілуі керек немесе ненің алдын алу керек, сол жөнінде аудан орталығындағы төтенше жағдайлар бөліміндегі мамандармен тілдескен болатынбыз.
«Дала өрті болып тұрады. Қазіргі кезде қыстақтардың айналасы жыртылмайды. Әрбір қожалық иесі өз жерлерін өрттен сақтауы керек. Жердің жыртылуы ереже бойынша 4-6 метр болғаны дұрыс. Шаруа қожалықтары жер телімін алған кезде өрт қауіпсіздігін сақтау керектігі туралы ережелер келісімшартта жазылған. Соны өздерінің жауапкершілігіне алып, өртті болдырмау немесе алдын алу жұмыстарын жүргізулері керек. Олардың тағы бір қателігі, шөп шабу науқаны кезінде бірнеше мыңдаған рулонды (пішен) үйінің маңына жинайды. Ол дұрыс емес. Кем дегенде елу метрдей қашықтықта болуы керек. Одан алыс болса да, артық етпейді. Жоғарыда айтылғандай, жерді жылына бір рет емес, бірнеше рет жырту керек. Себебі егер жылына бір жыртып тастасаңыз, кейін шөп басып кетеді де оның пайдасы болмай қалады. Мысалы, бір қожалықтың бес жүз гектар жері болса, соны өзінің ыңғайына қарай екіге немесе төртке бөліп жыртуға болады. Жыртқан жерден желдің күштілігінен өрт секіріп кетіп жатады. «Су мен от – тілсіз жау» дегендей, бұл жағдайға келгенде өте сақ болған дұрыс. Биылғы жылы да бірнеше дала өрттері орын алды. Дала өрті әртүрлі жағдайда болады. Біреуі желдің күштілігінен орын алып жатса, енді бірі ескі техникалардың кесірінен орын алады. Былтырдан қалған ескі шөптер де өте қауіпті. Үйілген рулондардың айналасын да жыртып қоюға болады. Мереке, Амангелді, Қосшы ауылдық округтеріндегі дала өрттерін сөндіру оңайға соқпады. Көктем мезгілінде әрбір қыстаққа барып, ескертпе қағаздарын үлестіріп, ауызша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Аудандық әкімшілікпен бірлесіп нұсқаулықтар таратамыз. Яғни, шаруаларды сақтануға шақырамыз. Шекаралық аймаққа жататын ауылдарға көршілес елдерден келген өрттер әсер етіп жатады. Қазіргі таңда ескі техникалар да тексерілмейді. Олардың жұмыс жасау қабілетін жыл сайын тексеруден өткізіп тұрса, бұндай дала өрттері көп болмас еді. ІІ Шежін, Мерей және Қосшы ауылдық округтерінде өрт сөндіру машиналарымыз бар. Техника болғасын, оның ескіретіні бар немесе істен шығатыны бар. Сондықтан өрт қауіпсіздіктерін сақтау керек. Жеке қожалықтардың өзара ауызбіршіліктері болуы керек деп ойлаймын. Біріншіден, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, дала өртін болдырмау. Екіншіден, өрт бола қалған кезде бір-біріне дер кезінде көмекке бару. Әрбір қыстақ сыйымдылығы үлкен су сақтайтын бөшке сатып алулары қажет. Дала өрті бола қалған кезде тракторға тіркейді де өрт шыққан жерді ұлғаймай тұрып сөндіріп алады. Егін егіп, шөп шауып, жердің қызығын көріп отырғаннан кейін, даланы өрт қауіпсіздігінен қатаң сақтауды қолға алса», - дейді Тасқала аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Мырзағали Батрашев.
Өртке қатысты маманның сөзі осы. Шынымен де, өрт қауіпсіздігін әрбір адам немесе шаруалар өз жауапкершілігіне алса, жаздағыдай жағдайлар қайталанбас еді.
«Көлік» шаруа қожалығының иесі Мұхсин Мақауовтың басына келген жағдай осы жылы Мереке ауылына қарасты Есенсай қыстағында да қайталанды. Жақсы емес, әрине. Жаппай ауыл болып дала өртін сөндіріп ала алмаған болса, Есенсайда адам шығыны болуы да ғажап емес еді. Бұның бәрі салғырттыққа әкеліп соқтырады. Шаруа қожалықтарының жағдайлары жоқ емес, бар. Ішіне су толтырып, сыйымдылығы үлкен бөшкені (цистерна) қыстақтың қасына әкеліп қою кез келген шаруаның қолынан келеді. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Себебі қазіргі таңда қожалықтарға тиесілі ауылшаруашылық техникаларының (ескі техникадан өрт шығады) жұмыс жасауға жарамды, жарамсыз екендігін тексеретін бірде-бір мекеме жоқ. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тек өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі ескертпелер үлестіруге құқылы. Өрт қауіпсіздігін сақтамағандарға айыппұл салу немесе басқа да мәселелер аталған бөлімнің құзырына кірмейді екен. Сонда деймін-ау, өрт қауіпсіздігін сақтамағандарды қатаң бақылауға алмаса, күндер өткен сайын мәселе шиеленісіп, ақыры жүгенсіздікке әкеліп соқтырады емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz